АЛМАТЫЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР МОЙЫН ТҰСЫНДАҒЫ ҚАТЕРЛІ ТҮЙІНГЕ КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

АЛМАТЫЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР МОЙЫН ТҰСЫНДАҒЫ ҚАТЕРЛІ ТҮЙІНГЕ КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАДЫ

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына мойында байқалған түйін, жұтынғанда "түйілгендей" сезім және дене қимылы кезінде ентігуге шағымданған әйел адам жоспарлы түрде түсті.

Науқас соңғы 9 жыл бойы диффузды уытты жемсау диагнозымен эндокринологтың бақылауында болған. Гормондық емге қарамастан, қалқанша безіндегі түйін біртіндеп ұлғайып отырған. Ультрадыбыстық зерттеу нәтижесінде қалқанша безінің көлемі 34%-ға ұлғайғаны, сондай-ақ паренхиманың диффузиялы өзгерісі, екі жақты ұйқылық үшбұрыш кескінінде лимфа түйіндерінің ұлғайғаны анықталған. Бұл жағдай онкологиялық қырағы тәсілді қажет етеді.

Хирургпен кеңескеннен кейін жоспарлы ота тағайындалып, науқас портал арқылы ҚЖШККА хирургия бөлімшесіне жатқызылды.

Хирург - Нурхат Есенбеков, ассистент - Дінмұхамед Мырзаш, анестезиолог - Исматулла Камалов құрамындағы ота тобы тұтас тиреоидэктомия - қалқанша безді толық алып тастау (онымен бірге күмәнді өзгеріс байқалған қалқанша маңы безі мен иекасты және мойын бүйіріндегі лимфа түйіндерін де жою) отасын жасады.

Ота 2 сағат 40 минутқа созылып, асқынусыз өтті. Науқастың даусы мен жұтыну қызметі сақталды.

Пациент отадан кейінгі жетінші күні қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.

«Қалқанша безіндегі түйін ұлғайып, қысым, бөгде зат тұрғандай сезім, ентігу сияқты белгілер байқалса - бұл ота жасауға тікелей көрсеткіш. Аталған жағдайда араласу ауқымын кеңейтуге тура келді: без толық алынып, қалқанша маңы бездері мен өзгеріске ұшыраған лимфа түйіндері мұқият тазартылды. Ота сәтті өтті, пациент өзін жақсы сезінеді. Ең бастысы - жылдар бойы орын алған ауру белгілерін елеусіз қалдырмау керек», - деп түсіндіреді Нурхат Есенбеков, ҚЖШККА ота жасау бөлімінің меңгерушісі.

Гистологиялық қорытынды бойынша науқаста қалқанша безінің папиллярлы карциномасы анықталды - бұл қатерлі ісіктің жиі кездесетін түрінің бірі. Отадан кейінгі кезеңде науқасты онколог бақылап, қадағалауы қажет.

Маңызды!

Егер сізде - мойын тұсы ұлғайып, тамақта «түйін» тұрғандай сезім болса, жұтыну қиындап, физикалық жүктеме кезінде ентігу байқалса -

дәрігерге қаралғаныңыз жөн.

Уақтылы жүргізілген тексеру мен ота - денсаулығыңызды, тіпті өміріңізді сақтап қалудың жолы.