Карцинома — тері мен ішкі ағзалардың беткі қабатын қаптайтын эпителий жасушаларынан дамитын қатерлі ісік. Бұл қатерлі ісіктің ең жиі кездесетін түрінің бірі. Карциномаға өкпе, асқазан, ішек, сүт безі, тері және жатыр мойны обыры жатады. Бұл туралы №36 қалалық емхана онкологы Зарина Тойлыбаева айтып берді.
Карциноманың пайда болуына түрлі фактор әсерінен жасушаларда мутация жүруі себеп болады. Оларға канцерогендер (темекі, алкоголь, химиялық заттар), вирустық инфекциялар (әсіресе адам папиллома вирусы — АПВ), созылмалы қабыну процесі мен жарақат, сондай-ақ тұқым қуалайтын бейімділік жатады. Зақымдалған жасушалар бақылаусыз көбейіп, айналасындағы тінге өтіп, бүкіл ағзаға таралуы мүмкін ісікке айналады.
Карциноманың бірнеше түрі бар. Аденокарцинома безді эпителийден дамиды және сүт безі, қуықасты безі, асқазан қатерлі ісігінде кездеседі. Жалпақ жасушалы карцинома тері мен шырышты қабықты, соның ішінде жатыр мойнын зақымдайды. Базальды жасушалы карцинома — баяу өсетін түрлердің бірі, көбіне егде жастағы адамдарда анықталады. Өтпелі жасушалы карцинома несеп қабы мен несеп жолдарында кездеседі.
Ауру ерте кезеңде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Ісіктің өсуіне қарай тығыз түзіліс немесе жазылмайтын жара, патологиялық бөлінді, қан кету, ағза қызметінің бұзылуы, түсініксіз арықтау, әлсіздік, тез шаршағыштық секілді белгілер байқала бастайды. Мұндай белгілердің кез келгені дәрігерге қаралуға себеп болуы тиіс.
Диагностикаға ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, эндоскопиялық зерттеулер (гастроскопия, бронхоскопия), онкомаркерлерге қан талдауы және диагнозды нақтылайтын негізгі әдіс — биопсия кіреді.
Карциноманы емдеу оның сатысына және орналасуына байланысты. Ең жиі қолданылатын әдістер — хирургиялық ота, химиотерапия, сәулелік терапия, сонымен қатар заманауи тәсілдер — мақсатты (таргетті) және иммундық терапия. Ауру неғұрлым ерте анықталса, емнің сәтті болу мүмкіндігі соғұрлым жоғары.
Алдын алудың маңызы зор. Бұл — зиянды әдеттерден бас тарту, АПВ-ға қарсы екпе алу, тұрақты медициналық тексеруден өту, скринингті (ПАП-тест, маммография, колоноскопия) дер кезінде жасату және салауатты өмір салтын ұстану.
Онколог Зарина Тойлыбаева атап өткендей, карцинома, дер кезінде анықталса үкім емес.
Дәрігерге баруды кейінге қалдырмаңыз. Денсаулығыңызды сақтау — өзіңізге мұқият қараудан басталады.