Жаз - демалыс, серуен және саяхат маусымы. Алайда дәл осы кезде ішек инфекциясының таралу қаупі күрт артады. Неге, бұдан қалай қорғануға болады?
Бұл туралы Алматы №1 қалалық клиникалық ауруханасының эпидемиолог дәрігері Еламанова Зүлфия Асқарқызы айтып берді.
Ішек инфекциясы - бактериямен (сальмонелла, шигелла, ішек таяқшасы), вируспен (ротавирус, норовирус) немесе паразитпен қоздырылатын ауру тобы. Инфекция көбіне лас қол, сапасыз тамақ, ластанған су және тұрмыстық қатынас арқылы жұғады.
Қауіп тобына ең алдымен балалар, егде жастағы және иммунитеті әлсіреген адамдар жатады.
Ең қауіпті кез - мамыр айынан қыркүйекке дейінгі уақыт. Мұның бірнеше себебі бар:
- ыстық ауа райы - тағамдағы микробтың тез көбеюіне әкеледі;
- табиғат аясында демалыста гигиеналық талаптың сақталмауы;
- ластанған су қоймасында шомылу;
- қайнамаған суды ішу немесе жуылмаған жеміс-жидекті жеу.
Ішек инфекциясын қалай тануға болады?
Келесі белгілер байқалса, инфекция жұққан болуы мүмкін:
- сұйық, жиі орын алатын іш өту;
- жүрек айну, құсу;
- іштің түйіліп ауыруы;
- қызу көтерілуі, қалтырау;
- жалпы әлсіздік.
Келесі белгілер орын алса, дереу дәрігерге жүгініңіз:
- қызу 38,5°C-тан жоғары;
- нәжісте қан немесе шырыш болуы;
- жиі құсу және сұйықтықтан бас тарту;
- сусыздану белгілері: ауыздың кебуі, сирек зәр шығару, ұйқышылдық;
- естің шатасуы.
Балада сусыздану өте тез дамитындықтан, оның жағдайына ерекше көңіл бөлу қажет.
«Өз бетінше емделмеңіз. Диареяға қарсы дәрілер ағзадағы уыттың (токсиннің) шығарылуын тежеп, жағдайды ушықтыруы мүмкін. Ең дұрысы - молынан сұйықтық ішу (таза су, регидратациялық ерітінді), ауыр тамақтан бас тарту және міндетті түрде дәрігерге қаралу», - деп түсіндіреді Зүлфия Асқарқызы.
Аурудың алдын алудың қарапайым жолы:
- тамақ ішер алдында, дәретханадан және көшеден кейін қолыңызды жуыңыз;
- тек таза, қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішіңіз;
- гигиеналық талапқа сай келмейтін көше тағамынан бас тартыңыз;
- ластанған су айдынында шомылмаңыз;
- жеміс-жидек пен көкөністі мұқият жуыңыз;
- тағамды дұрыс сақтаңыз: күн астында қалдырмаңыз, ет, балық пен жұмыртқаны дұрыс пісіріп жеңіз.
«Ішек инфекциясы - жай ғана іштің өтуі емес. Бұл өте күрделі ауру, әсіресе балалар үшін аса қауіпті. Аурудың алдын алу - оның асқынуымен күресуден оңай әрі тиімді», - деп ескертеді Зүлфия Еламанова.