Алматылық дәрігерлер 14 жастағы науқастың асқазанынан алып трихобезоарды алып тастады

Алматылық дәрігерлер 14 жастағы науқастың асқазанынан алып трихобезоарды алып тастады

Сирек кездесетін патология - 1,5 келіге жуық шаш пен шырыштан тұратын бөгде зат баланың өміріне қауіп төндірді

Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының (БШМККО) хирургтары күрделі ота жасап, 14 жастағы қыз баланың өмірін сақтап қалды. Науқастың іш қуысында дамыған іріңді-қабыну үдерісі жедел жәрдеммен жеткізілген соң анықталды. Жағдайының нашарлауына сирек кездесетін патология, яғни алып трихобезоар себеп болды.

Жеткіншек орталыққа ішінің қатты ауруы, кебу, әлсіздік және айқын интоксикация белгілерімен түскен. Ауру белгілері бірнеше күн бұрын басталғанымен, дер кезінде дәрігерге жүгінбеген. Қабылдау кезінде науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып, шұғыл тексеру барысында іш қуысында бос сұйықтық, перитонит пен ішкі ағзаның тесілу белгілері анықталды. Науқас шұғыл түрде отаға дайындалды.

Ота кезінде хирургтар асқазан мен ішекке дейін созылған тығыз түзілісті - трихобезоарды анықтап, толықтай алып тастады. Бұл зат - ұзақ уақыт бойы жұтылған шаш пен шырыштан құралған тығыз масса - асқазанда жиналып, ақыры тесік жара мен перитонитке алып келген.

- Біз сирек кездесетін, бірақ балаларда да орын алатын ауыр жағдаймен бетпе-бет келдік. Трихобезоар көбіне психоэмоционалдық бұзылыс аясында дамиды. Бұл жағдайда бөгде заттың көлемі өте үлкен болғандықтан, жедел хирургиялық көмек қажет болды, - деді ота жасаған хирург, Ризванов Аскар Күлбекұлы.

Ота: алдымен диагностикалық лапароскопия, кейін ашық лапаротомия арқылы бөгде затты алып тастау сияқты екі кезеңде жүргізілді. Ота бригадасы құрамында: ассистент - дәрігер-резидент Әлеумет Алмат Мұратжанович, анестезиолог - Бидайбай Таңжарық Мұратұлы, оталық медбике - Нурметова Михрибан Мамутхановна болды.

Алып тасталған трихобезоардың салмағы шамамен 1,5 келіні құрады. Оның көлемі мен тығыздығы медицина мамандарының өзін де таңғалдырды.

Бүгінде науқас толық оңалып, үйіне шығарылды. Қыздың жағдайы тұрақты, ол әрі қарай психологиялық бақылауда болады.

Дәрігерлер ата-аналарды балалардың тамақтану тәртібі мен психоэмоционалдық күйіне ерекше көңіл бөлуге шақырады. Мұндай жағдайдың алдын алудың басты жолы - уақытында маманға жүгіну.