Инсульт: алдын алудан оңалтуға дейін - Алматыда халықаралық семинар өтті

Инсульт: алдын алудан оңалтуға дейін - Алматыда халықаралық семинар өтті

2025 жылғы маусымның 17-сінде Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында «Инсульт: алдын алудан оңалтуға дейін» атты халықаралық оқыту семинары өтті.

Шараға невролог, кардиолог, реаниматолог және өзге де сала мамандары қатысып, инсульт пен оған ілеспе ауруларды емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады.

Семинарды Аурухана мен «Азия Жүрек пен ми қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Іс-шара модераторы - м.ғ.к. Айгүл Құдайбергенова, ҚРМУ бейінді біліктілікті арттыру институтының «Неврология және нейрореабилитация» курсының жетекшісі болды.

Басты баяндаманы АҚШ-тан келген профессор, Оклахома университетінің неврология кафедрасының оқытушысы әрі инсульт орталығының меңгерушісі Евгений Сидоров жасады. Ол инсульттің жіті кезеңі мен коматоз жағдайдағы науқастарды басқару бойынша халықаралық ұсынымдарды ұсынып, тромболитикалық терапияның уақтылы жүргізілуі - емнің басты факторы екенін атап өтті.

Айгүл Құдайбергенова өз баяндамасында постинсульттік бұзылыстар мен оңалтудың қазіргі әдістеріне тоқталып, халықаралық хаттамалардың қазақстандық жүйеге енгізілу тәжірибесін бөлісті.

Профессор Ахметжан Сугралиев - м.ғ.к., кардиолог-тромболог, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, Тромбоз және гемостаз жөніндегі қазақстандық қоғамның төрағасы - артериялық гипертензиясы бар науқастарда инсульттің алдын алу тақырыбында баяндама жасады.

Семинардың екінші бөлігінде профессор Сидоров постинсульттік ауырсыну мен спастикалық жағдайларды емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырды.

Жиын «Инсульттан кейінгі коморбидті науқасты басқару: невролог пен кардиологтың көзқарасы» атты ашық сұхбатпен аяқталды. Ахметжан Сугралиев пен Айгүл Құдайбергенова клиникалық жағдайды бірлесе талдап, ауруханаға жатқызудан бастап амбулаториялық кезеңге дейінгі бүкіл емдеу процесін саралады.

Соңында қатысушылар ашық пікірталас өткізіп, күрделі клиникалық жағдайларды талқылап, тәжірибе алмасты.

Семинар инсультпен күрестегі кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, дәрігерлердің тәжірибесін тереңдетуге бағытталған маңызды алаңға айналды.