«БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН БАСТАУ АЛҒАН АРМАН»: ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕР МЕДЕРОВА АИДА БАУЫРЖАНҚЫЗЫНЫҢ ТАРИХЫ

«БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН БАСТАУ АЛҒАН АРМАН»: ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕР МЕДЕРОВА АИДА БАУЫРЖАНҚЫЗЫНЫҢ ТАРИХЫ

Аида Бауыржанқызы кішкентай кезінен-ақ мамандығын таңдай  білді. Оның отбасында медицина – жай ғана мамандық емес, ол – өмірлік ұстаным, өмір мәні болатын. Анасы — медицина қызметкері, екі ағасы — дәрігер, ал Аида бұл жолды жалғастырып, әулеттік дәстүрді өрбітті.

«Мен адамдарға қамқорлық жасайтын ортада өстім. Анамның жұмысына барып, оның пациенттерді мұқият тыңдап, сөзбен де, іспен де қолдау көрсетіп отырғанын көретінмін. Сол кезде маған осы өмірде ең маңызды іс — өзгелерге көмектесу сияқты көрінетін.

Сонда-ақ мен де дәрігер болғым келетінін түсіндім», — дейді Аида Бауыржанқызы.

Аиданың бала күнгі арман орындалды. Медициналық  университті  аяқтаған соң, Аида жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде студенттік емханада жұмысын бастады.

Сол жерде ол жастармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп, тек ауру белгілерін ғана емес, адамның ішкі күйін — уайымын, қорқынышын, күмәнін — түсіне білді.

«Студенттік емханада мен науқаспен сөйлесудің, оны түсінудің маңызын ұқтым. Көпшілігі жай ғана рецепт емес, кеңес пен қолдау сұрап келетін. Сол жерде мен дәрігер ғана емес, пациентпен дос бола білуді үйрендім», — деп еске алады дәрігер.

Қазіргі таңда Аида Бауыржанқызы — №2ЖТД  бөлімшесінің меңгерушісі. Жалпы еңбек өтілі — сегіз жыл. Бұл — адамдардың денсаулығына деген жанашырлықпен, әрбір ұсақ-түйекке мән беріп, кәсіби командамен күнделікті еңбек етумен өткен жылдар.

«Мен мамандығымды жақсы көремін. Бұл салада кездейсоқтық болмайды. Күн сайын — жаңа адам, жаңа оқиға. Адамдарға пайдам тиіп жүргенім үшін бақыттымын. Себебі бала күнімнен ауырған адамдар үшін жүрегім ауыратын. Қазір мен бала кездегі арманымды орындап жүрмін — емдеймін, көмектесемін, қолдаймын», — дейді ол.

Аида Бауыржанқызы үшін медицина — жай ғана жұмыс емес. Бұл — өмірлік іс, отбасылық дәстүрдің жалғасы, бала кезден ақ халатты анасын тамашалаудан басталған жол.