ІШТІ КЕСПЕЙ ӨМІРДІ ҚҰТҚАРДЫ!

ІШТІ КЕСПЕЙ ӨМІРДІ ҚҰТҚАРДЫ!

Алматы Қалалық кардиологиялық орталығында құрсақ қолқасының аневризмасын емдеуге арналған жоғары технологиялық шағын инвазивті ота сәтті жүргізілді. Ота барысында науқастың құрсақ қолқасына стент-графт орнатылып, оның жарылу қаупі жойылды. Бұл күрделі процедураны рентген-эндоваскулярлық хирург Бауыржан Орманов кардиохирургтар тобымен бірлесе атқарды.

Ота жамбас артериясы тұсындағы шағын тілік арқылы жасалды. Дәл осы кішкентай тіліктен арнайы құрылғы көмегімен ішкі қолқаға стент-графт енгізіліп, аневризманың қауіпті әсері жойылды. Мұндай әдіс арқылы іш қуысына кең көлемде ашық ота жасау қажеттігі туындаған жоқ.

Заманауи тәсілдің басты артықшылығы - тіннің аз жарақаттануы, асқыну қаупінің төмендігі және ұзақ оңалтуды қажет етпейтіні. Науқас аз ғана уақыт ішінде қалыпты өмір салтына қайта орала алады.

Ота сәтті аяқталды. Ең бастысы - пациент қолқаның жарылуынан аман қалды. Бұл аневризманың ең ауыр әрі көбіне өлімге соқтыратын асқынуы екені белгілі.

Пациентке тез сауығып, денсаулығының мықты болуын тілейміз! Бұл - заманауи медицинаның адам өмірін сақтап қалуға және оның өмір сапасын төмендетпей қалпына келтіруге мүмкіндік беретінінің жарқын үлгісі.