Қалалық кардиологиялық орталықтың консультативтік-диагностикалық бөліміне 1958 жылы туған әйел адам шағымданып келген. Ол тіпті аздаған дене қозғалысының өзінде ентігіп, ауа жетпей қиналатынын айтқан.
Кешенді тексеру нәтижесінде науқаста аорталық қақпақша ақауы мен екінші дәрежелі жүрек жеткіліксіздігі бар екені анықталды. Сонымен қатар көтерілу бөлігіндегі аортаның, едәуір, 5 сантиметрден астам, кеңейіп кеткені өміріне тікелей қауіп төндіріп тұрғаны белгілі болды.
Науқас кардиохирургия бөліміне жатқызылып, отаға дайындалды. Дайындық кезеңінен соң оған күрделі ота - аорталық қақпақша мен көтерілу бөлігін протездеу жасалды.
"Қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Жүру немесе басқа да дене жүктемесі кезінде ентігуге шағымданбайды. Өмір сапасының едәуір жақсарғанын өзі де атап өтті", - дейді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Нұржан Мүсірепов.
Қалалық кардиологиялық орталықтың мамандары дер кезінде медициналық көмекке жүгінудің маңызын еске салады. Диагностика мен хирургиялық емдеудің заманауи тәсілдері жүрек ауруларын ерте анықтап, оны тиімді емдеуге мүмкіндік береді.