Лого
Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Басқарма туралы
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік жобалар
Все материалы
04 сентября 2026
Алматыда 5 жастағы бала жұтып қойған үш магнит сирек кездесетін асқынуға әкелді

Алматы қаласындағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында үш магнит жұтып қойған 5 жастағы балаға сирек әрі қауіпті асқыну салдарынан сәтті ота жасалды.

Магниттер ұзақ уақыт бойы асқазан-ішек жолында болған. Күшті магниттік тартылыс әсерінен асқазанда орналасқан бір магнит пен аш ішектегі екі магнит бір-біріне мүшелердің қабырғалары арқылы тартылған.

Операция барысында хирургтар өте сирек кездесетін асқынуды анықтады – асқазан мен аш ішек арасында патологиялық байланыс (магниттік жыланкөз) қалыптасқан. Ұзақ уақыт бойы болған қысым тіндердің зақымдануына және ойылуына әкелген.

Ота жасаған хирург, Алматы қаласындағы №2 БҚКА директорының орынбасары Марат Қаптағаевтың айтуынша, операция бастапқыда лапароскопиялық әдіспен басталған. Алайда зақымданудың сипаты анықталғаннан кейін баланың қауіпсіздігі үшін хирургтар ашық операция жасауға шешім қабылдаған.

«Жыланкөз жойылып, үш магниттің барлығы алынды. Зақымданған тіндер кесіліп, тігіліп қалпына келтірілді. Құрсақ қуысына санация жасалып, дренаж қойылды.

Операция сәтті аяқталды. Жүргізілген емнен кейін баланың жағдайы жақсарды. Ауруханадан шығарылған кезде оның жалпы жағдайы қанағаттанарлық болды, операциядан кейінгі жараларда қабыну белгілері байқалмады», – деді хирург.

Алматы қаласындағы №2 БҚКА директоры Марат Рабандияров бұл клиникалық жағдай балалар үшін шағын магнитті ойыншықтардың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсеткенін атап өтті.

«Бірнеше магнит жұтылған жағдайда олар асқазан-ішек жолының әртүрлі бөліктерінің қабырғалары арқылы бір-біріне тартылып, ойық жаралардың, тесілулердің, жыланкөздердің, ішек өтімсіздігінің және перитониттің дамуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарды баланың магнит жұтып қойғанына күмән туған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырамыз. Уақытылы көрсетілген көмек ауыр әрі өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Марат Рабандияров.

04 сентября 2026
АЛМАТЫ ДӘРІГЕРЛЕРІ ЖАҢА ТУҒАН НӘРЕСТЕДЕ САЛМАҒЫ ЕКІ КЕЛІ БОЛАТЫН ІСІКТІ АЛЫП ТАСТАДЫ

Нәрестені Алау деп атады. Ол өмірге келген алғашқы сәттен бастап өмір үшін күресті. Тамыздың 18-інде салмағы төрт келіден асатын қыз бала сегізкөз-құйымшақ тұсындағы үлкен түзіліспен дүниеге келді.

Туа біткен мұндай түзіліс нәресте туған кезде қатерлі ісік болып саналмаса да, өмірінің алғашқы алты айында қатерлі ісікке айналуы әбден мүмкін. Сондықтан мұндай түзілісі бар нәрестеге отаны созбалаңға салмай жасау қажет.
Бала туғаннан кейін бірнеше сағат ішінде неонаталдық реаниматологтар мен хирургтерден құралған топ перзентханаға барып, нәрестені Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізді. Қыз бала жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөліміне жатқызылып, күрделі отаға дайындық басталды. Келесі күні дәрігерлер ісікті алып тастады.
«Сегізкөз-құйымшақ аймағында орналасқан тератоманың құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыс секілді түрлі тін бар. Бұл тәжірибеміздегі ең күрделі отаның бірі болды. Ісіктің салмағы екі келі болды, яғни нәрестенің өз салмағымен бірдей деуге болады. Қыздың туған кездегі салмағы төрт келі еді, демек, оның тең жартысын ісік құраған.
Ота сәтті өтті. Ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластика жасадық. Тігіс орны білінбейтіндей етіп қалпына келтірілді. Болашақта бұл нәрестеге ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шыққалы жатыр», - деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Отаны жасаған дәрігерлер: хирург Саматбек Мырзахмет, ассистент Бегалы Төребек, анестезиолог-реаниматолог Ұлықпан Әлсеитов. Нәрестенің емдеуші дәрігерлері - Айжан Сексенбаева мен Едгор Сайдакбаров.
Ота екі сағаттан астам уақытқа созылды. Хирургтер мен реаниматологтардың аса мұқият әрі дәл жұмысының арқасында нәресте салмағы екі келі болатын алып ісіктен арылды.
Тератома нәрестенің ана құрсағындағы кезінде қалыптасқан. Ол жүктіліктің 20-аптасында жүргізілген скрининг кезінде анықталған. Ата-анасы жүктілікті сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Бірнеше рет дәрігерлер кеңесіне қатысып, Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының хирургтерінен кеңес алды. Дәрігерлер жүктілік бойы ана мен баланың денсаулығын мұқият бақылап отырды.
Жүктіліктің 34-аптасында қыз бала кесарь тілігі арқылы дүниеге келді.
«Бұл төрт ұлдан кейін көптен күткен қызымыз. Жүктіліктің 20-аптасында дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тератомасын анықтады. Сол бойда Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына кеңес алуға келдік. Жалпы, жүктілігім жақсы өтті.
34-аптада ішім ауырып, перзентханаға бардым. Дәрігерлер бірден кесарь тілігін жасап, балам екеумізді осында жеткізді. Қызымды аман алып қалған осы аурухананың дәрігерлеріне алғысым шексіз. Бала туғаннан кейін оны да, денесіндегі алып ісікті де көрдім. Қызымның еміне атсалысқан барша жанға рақмет», - дейді Алаудың анасы Аяжан.
Сегізкөз-құйымшақ тератомасы - жаңа туған нәрестеде жиі кездесетін ісіктің бірі. Ол ана құрсағында қалыптасып, нәрестемен бірге өсуі мүмкін. Кей жағдайда ауыр асқынуға әкеліп, өмірлік маңызды ағзалардың қызметін бұзады. Бұл жолы түзіліс өте үлкен көлемге дейін өскен.
Жыл басынан бері Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала жеткізілген. Олардың 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.

Туа біткен ақаудың пайда болуына тұқымқуалаушылық, инфекция және басқа да ішкі-сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін.

03 сентября 2026
Баланы мектептің алғашқы күндерінде оқу үдерісіне қалай бейімдеуге болады?

Алматы қаласындағы №21 қалалық емхананың психологы Әбдірайымова Гүлнара Әлімқалиқызы түсіндіреді.

– Ұзақ демалыстан кейін балаларға күн тәртібіне және мектептегі жүктемеге қайта бейімделу оңай бола бермейді. Біреулер достарымен қайта қауышуды асыға күтсе, енді біреулер сабақтарға, мұғалімдерге немесе жаңа сыныпқа байланысты алаңдауы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай.

Ата-аналар не істей алады?

Мектеппен қорқытпаңыз.

Балаңызбен сөйлесіңіз. Одан мектепке дайын екендігін ғана емес, нені асыға күтетінін және нені уайымдайтынын да сұраңыз.

Қолдау көрсетіңіз, қысым жасамаңыз. Бала үшін оның бағасына қарамастан жақсы көрілетінін және қабылданатынын сезіну өте маңызды.

Үйде тыныш әрі жайлы атмосфера қалыптастырыңыз. Мектепке қажетті заттарды бірге жинап, алғашқы күндерге арналған жоспарларды талқылаңыз. Бұл балаға өзіне деген сенімділікті арттыруға көмектеседі.

Есіңізде болсын, оқу жылының басталуы бала үшін де үлкен өзгеріс. Ал ата-ананың бере алатын ең құнды сыйы – «Мен жаныңдамын. Біз бәрін бірге еңсереміз» деген сезім.

Сондықтан кейде мектепке дайындық ата-ананың өзінен басталады.

Өзіңізге мінсіз оқу жылын күтпеуге рұқсат беріңіз.

1 қыркүйектен бастап бәрі бірден реттеліп, тыныш әрі мінсіз болады деп күтпеңіз.

Тек балаңыздың жанында болыңыз. Қолдау көрсетіңіз. Құшағыңызға басыңыз. Тыңдай біліңіз.

Егер балаңыз тез шаршаса, эмоцияларын көбірек білдірсе немесе бейімделу кезеңі сіз ойлағаннан ұзаққа созылса, бұл қалыпты жағдай.

Біз бәріміз өзгерістерге әртүрлі бейімделеміз. Балалар да солай.

Сондықтан осы күзде әрбір отбасыға мінсіз бағалар емес, тыныш кештерді, асықпай әңгімелесуді, қиын күннен кейінгі құшақтауды тілегім келеді.

Балалардың жаңа оқу жылына сеніммен қадам басуына дәл осындай сәттер негіз болады.

03 сентября 2026
АЛМАТЫДА ТАҒЫ 8 ЖАСТАР ДЕНСАУЛЫҒЫ ОРТАЛЫҒЫН АШУ ЖОСПАРЛАНУДА

Алматы қаласында қазіргі таңда 12 жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. Мұнда жасөспірімдер мен жастар гинеколог, уролог, дерматовенеролог, терапевт, педиатр, психолог және әлеуметтік қызметкердің көмегіне жүгіне алады.

Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың жетекшілігімен қаладағы медициналық ұйымдармен өткен жұмыс кеңесінде айтылды. Жиын барысында жастар денсаулығы орталықтарының жұмысына мониторинг жүргізу мәселесі қаралды.

Суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға, репродуктивті денсаулықты сақтауға және инфекциялардың профилактикасына ерекше көңіл бөлінеді. Мамандар колледждерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жасөспірімдерге жыныстық жетілу мәселелері бойынша кеңес береді. Сондай-ақ репродуктивті денсаулықты сақтауға және болашақта оның жағдайына кері әсер етуі мүмкін мәселелердің алдын алуға бағытталған қызметтер көрсетіледі.

Жасөспірімдер арасындағы жүктілік пен түсік түсіру көрсеткіштерінің төмендегені атап өтілді.

Медициналық және психологиялық көмектің қолжетімділігін одан әрі арттыру мақсатында Алматыда тағы 8 жастар денсаулығы орталығын ашу жоспарлануда.

Сонымен қатар, кеңес барысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, Жоғары медициналық колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің негізгі көрсеткіштері, оның ішінде 2026 жылдың 8 айындағы вакцинациямен қамту деңгейі талқыланды.

03 сентября 2026
Азаматтарды қабылдау

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов азаматтарды қабылдады.

Жеке қабылдау барысында қала тұрғындарының медициналық көмек көрсету және емдеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша өтініші қаралды.

Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, халықтың өтінішін жедел шешуге және медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

Азаматтарды қабылдау әр бейсенбі сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.

Қабылдау барысында тұрғындар қаладағы денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақ, ұсыныс және мәселелерімен жүгіне алады.

Қосымша ақпарат алу және қабылдауға жазылу үшін call-орталыққа келесі телефондар арқылы хабарласуға болады: +7 700 050 1213; +7 700 050 1312.

02 сентября 2026
Алматылық кардиохирургтер күрделі ота жасап, науқастың аяғын сақтап қалды

Алматы қаласындағы №7 Қалалық клиникалық ауруханада төменгі аяқ-қол артерияларының ауыр зақымдануы бар науқастарды емдеуде инновациялық Jetstream механикалық атерэктомия технологиясы сәтті қолданылды. 

Заманауи эндоваскулярлық жабдықтарды пайдалану ашық хирургиялық араласусыз қан айналымын қалпына келтіруге және науқастардың аяқ-қолын сақтап қалуға мүмкіндік берді.

№7 ҚКA директоры, PhD докторы Нұрдос Қадырбековтың айтуынша, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту бүгінде аурухананың басым бағыттарының бірі болып табылады.

«Аз инвазивті технологиялардың маңызы зор. Олар ашық операцияларды көтеруі қиын, хирургиялық тәуекелі жоғары науқастарды емдеуге мүмкіндік береді. Мұндай араласулар ауруханада жату мерзімін қысқартып, оңалту кезеңін жеделдетеді және пациенттердің өмір сапасын сақтауға ықпал етеді», – деді аурухана басшысы.

Күрделі клиникалық жағдайлардың бірі – бұған дейін сан артериясына стент орнатылған 77 жастағы пациент болды. Соңғы жылдары әйелді қайтадан аяқтағы ауырсыну мен қан айналымының бұзылуы мазалай бастаған. Контрастты компьютерлік томография нәтижесінде сан артериясының окклюзиясы және бұрын орнатылған стенттің ретромбозы анықталды – оның саңылауы толық бітеліп қалған.

Қан тамырларының зақымдануы ауыр болғандықтан, басқа медициналық ұйымдарда пациентке ашық тамырлық операция жасау ұсынылған. Алайда қатар жүретін жүрек-қан тамырлары аурулары мен бұрын жасалған аортокоронарлық шунттау операциясына байланысты мұндай араласудың тәуекелі жоғары болды.

№7 ҚКA-ға жүгінгеннен кейін интервенциялық кардиохирургия бөлімшесінің мамандары Jetstream жүйесін қолдана отырып, аз инвазивті емдеу әдісін ұсынды. Бұл жүйе күрделі және кальцийленген тамырлық зақымданулар кезінде артериялардың өткізгіштігін қалпына келтіруге арналған ең заманауи технологиялардың бірі болып саналады.

«Jetstream жүйесі арнайы айналмалы қалақшалармен жабдықталған. Олар артерияның және стенттің ішіндегі кальцийленген түйіндақтарды, сондай-ақ тромбтық массаларды тиімді түрде алып тастайды. Тамырды механикалық тазартқаннан кейін біз дәрілік жабыны бар баллонды қолдандық. Бұл қайта тарылу мен тромбоз қаупін азайтып, емнің ұзақ мерзімді нәтижелерін айтарлықтай жақсартады. Нәтижесінде қан ағымын толық қалпына келтірдік. Келесі күні-ақ пациент өздігінен жүріп-тұрып, жағдайының едәуір жақсарғанын атап өтті», – деді интервенциялық кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Анартаев.

Оның айтуынша, дер кезінде көрсетілген медициналық көмексіз ауру асқынып, аяқ-қолдан айырылу қаупіне алып келуі мүмкін еді.

Қазіргі уақытта №7 ҚКA мамандары перифериялық артериялар аурулары бар науқастарға жоғары технологиялық эндоваскулярлық көмек көрсету бағытын белсенді түрде дамытып келеді.

Заманауи эндоваскулярлық технологияларды енгізу перифериялық артериялар ауруларын емдеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, мүгедектік қаупін төмендетуге ықпал етеді.

30 августа 2026
Инфаркт — үкім емес: Алматы заманауи кардиологияны дамытуда

Алматыда Қазақстанның интервенциялық кардиологтары мен эндоваскулярлық хирургтары қоғамының XIV конференциясы өтіп жатыр. Конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Еуропа, Азия және Қытайдың жетекші мамандары қатысуда.

Бүгінде интервенциялық кардиология — медицинаның ең жоғары технологиялық бағыттарының бірі. Заманауи халықаралық стандарттар мен хаттамаларды енгізу Қазақстанда күрделі араласулар мен операцияларды орындауға мүмкіндік беріп, оларды пациенттер үшін тегін медициналық көмек аясында қолжетімді етеді.

Конференцияның басты ерекшеліктерінің бірі — Алматы қаласының Городской кардиологический центр орталығындағы операциялық бөлмелерден тікелей трансляциялардың ұйымдастырылуы. Қатысушылар операция барысын нақты уақыт режимінде бақылап, пікірталасқа қатысып, мамандармен бірге емдеудің оңтайлы тактикасын талқылайды.

Бүгінде Алматыда жүрекке жасалатын заманауи эндоваскулярлық араласулар мен ашық жүрекке жасалатын операциялар, соның ішінде жүрек трансплантациясы, LVAD имплантациясы, MitraClip, тамырішілік литотрипсия және күрделі коронарлық араласулар қолжетімді.

2026 жылдың алты айында Алматыда 7 454 коронарография және 3 698 коронарлық араласу жасалды, ал кардиохирургиялық операциялардың көлемі 68%-ға өсті.

Конференция халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды біріктіріп, кардиологияның одан әрі дамуына және Қазақстан пациенттері үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

27 августа 2026
Азаматтарды қабылдау

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов азаматтарды қабылдады.

Жеке қабылдау барысында қала тұрғындарының медициналық көмек көрсету және емдеуді ұйымдастыру мәселелері бойынша өтініші қаралды. Мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, халықтың өтінішін жедел шешуге және медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Азаматтарды қабылдау әр бейсенбі сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін өтеді.

Қабылдау барысында тұрғындар қаладағы денсаулық сақтау саласына қатысты сұрақ, ұсыныс және мәселелерімен жүгіне алады.

Қосымша ақпарат алу және қабылдауға жазылу үшін call-орталыққа келесі телефондар арқылы хабарласуға болады: +7 700 050 1213; +7 700 050 1312.

27 августа 2026
БОСАНУ, БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ: АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚДСБ ЖИЫНЫНДА НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қаланың медициналық ұйымдарының басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді.

Кеңесте негізгі мәселелердің бірі II деңгейдегі босандыру ұйымдарында медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды.

Баяндаманы стационарлар бойынша штаттан тыс бас акушер-гинеколог Алия Аймағамбетова жасады.

Алматыда II деңгейде №1, №4 және №5 қалалық перзентханалар жұмыс істейді. Есепті кезеңде бұл ұйымдарда 7 402 босандыру жүргізілді. Акушер-гинекологтармен қамтылу деңгейі — 100%. Сонымен қатар анестезиолог-реаниматологтар бойынша — 6,7%, неонатологтар бойынша — 10% кадр тапшылығы сақталуда.

Марат Пашимов кадрлық қамтамасыз етуді және дәрігерлердің практикалық даярлығын күшейтуді, сондай-ақ №4 қалалық перзентхананың қабылдау бөлімін экспресс-зертханамен қосымша жабдықтауды тапсырды.

Сондай-ақ балалардың денсаулығын қорғау мәселесі қаралды. Алматы қаласындағы 71 медициналық ұйымға жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерінің даярлығын күшейту, патронаж қызметін кадрлармен толықтыру және ерте дамыту кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұдан бөлек, фтизиопульмонологиялық қызметті жетілдіру мәселесі қаралды. Марат Пашимов туберкулезді диагностикалау, емдеу және алдын алудың заманауи тәсілдерін ескере отырып, фтизиатр дәрігерлерді қосымша оқыту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

27 августа 2026
Бір жасқа дейінгі балаларды вакцинациялау — не үшін және қашан?

№11 қалалық емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Ибрагимова вакцинацияның бала өмірінің алғашқы жылдарында неге аса маңызды екенін және Қазақстанның профилактикалық екпелерінің Ұлттық күнтізбесінде қандай екпелер қарастырылғанын айтып берді.

Вакцинация иммунитетті инфекциямен кездескенге дейін қалыптастыруға көмектеседі және аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупін төмендетеді.

Өмірінің алғашқы күндерінде бала туберкулезге (БЦЖ) және В гепатитіне қарсы екпе алады. 2, 3 және 4 айында көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, полиомиелитке, Hib және пневмококк инфекцияларына қарсы вакцинация жүргізіледі.

Вакцинация мерзімдерін сақтау және жоспарлы екпелерді өткізіп алмау маңызды.

Егер ата-аналардың сұрақтары немесе күмәні болса, оларды міндетті түрде дәрігермен талқылаған жөн.

Вакцинация — баланың бүгінгі және болашақтағы денсаулығының қорғаны.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің сайты