Алматыда «Бюджетке қатысу» жобаларына дауыс беру басталды.

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобаларына дауыс беру басталды.

21 қазан мен 9 қараша аралығында «Бюджетке қатысу» қалалық жобасы аясында Алматыны абаттандыру бойынша тұрғындардың ұсыныстарына дауыс беру өтеді

«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінім жинау 28 тамызда басталды. Жалпы сома 6,4 млрд теңге. Әр ауданға 800 млн теңгеден қарастырылған.

Бір жобаның ең жоғары құны 58,3 млн теңгеден аспауы тиіс. Алматылықтардың 485 бастамасы дауыс беруге жіберілді. Ең көп өтінім Алмалы (107), Түріксіб (77) және Наурызбай (68) аудандарын абаттандыру бойынша келіп түсті. Одан кейінгі кезекте Алатау (65), Әуезов (47), Жетісу (45), Медеу (41) және Бостандық (35) аудандары тұр.

Қала тұрғындарының жобаларының ішінде: автоматты суару жүйесі мен ауыз су колонкаларын орнату; қоқысты жер астында жинау жүйелерін орнату; балалар ойын және спорт алаңдарының құрылысы, иттерді еркін серуендетуге арналған алаңдар; саябақтар мен қоғамдық орындарды абаттандыру; жолдардағы бөлу жолақтарын көгалдандыру және тағы басқалары бар.

Алматы қаласында тұрақты тіркелген тұрғындар ғана таңдау жасап, ұнаған жобаларға дауыс бере алады. Ыңғайлы болу үшін онлайн және қағаз түрінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Қағаз түрінде аудандық әкімдіктерге немесе Open Almaty фронт-офисіне (Абай даңғылы, 90) барып дауыс беруге болады.

Онлайн-дауыс беру үшін:

  1. budget.open-almaty.kz порталында «Дауыс беру» бөліміне өту;
  2. ұнаған 3-тен (үш) артық емес жобалық ұсынысты таңдау;
  3. дауыс беруді растаудың ыңғайлы тәсілін таңдау қажет – ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS-код) арқылы.

Қағаз түрінде дауыс беру үшін:

  1. кез келген аудан әкімдігіне (сағат 09.00-18.00, үзіліс сағат 13.00-14.00) немесе Open Almaty фронт-офисіне (сағат 09.00-18.00) баруға болады, өзіңізбен бірге жеке басты куәландыратын құжат болуы қажет;
  2. жергілікті жерде берілген қағаз форманы толтыру;
  3. толтырылған форманы дауыс жинау жәшігіне салу қажет.        Жобалық ұсыныс қабылдануы үшін Алматыда тұрақты тіркелген тұрғындардың 10-нан астам дауысын жинауы тиіс. Бір тұрғын 3 (үш) жобалық ұсынысқа ғана дауыс бере алады. «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасын Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы Алматы қаласының әкімдігі жүзеге асырды. Қала бюджетін неге жұмсау керектігін ашық талқылау және дауыс беру арқылы алматылықтардың өздері анықтады. Қала тұрғындарының бастамаларына Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары,үкіметтік емес ұйым өкілдері өз бағасын берді.