
Танымал әнші Димаш Құдайберген өзінің Instagram-парақшасында елдегі оқу мәдениетін насихаттауға арналған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қосылғанын мәлімдеді.
2026 жылдың мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру шаралары туралы» жарлығына сәйкес және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен басталған бұл ауқымды бастамаға әнші де үн қосты.
Димаш бұл науқанға байқаудан тыс «Парасат» санаты бойынша қатысуды жөн көрген. Ол соңғы уақытта оқыған кітаптарының бірі ретінде белгілі қазақстандық суретші, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіковтің «Жизнь без рук» («Қолсыз өмір») автобиографиялық туындысын атады.
Жуырда Қарағанды қаласында Кеншілер күніне арналған концерт қарсаңында Кәріпбек ағамен жеке жүздескен әнші автордың өмір жолына, тағдыр тауқыметіне мойымас қайсарлығы мен рухының беріктігіне ерекше тәнті болғанын жеткізді.
«Кітап оқитын ұлт» марафоны жаңа кітаптарды оқуға, олардан тағылым алуға және оқығанымызды бір-бірімізбен бөлісуге себеп болсын!» - деп жазды әнші өз үндеуінде.