Қоғамдық иммунитет – ортақ жауапкершілік

Қоғамдық иммунитет – ортақ жауапкершілік

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен Еуропалық иммундау апталығы жыл сайын 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл бұл апта 2025 жылғы 27 сәуір мен 3 мамыр аралығында «Барлығы үшін иммундау – адамның қолынан келеді» ұранымен өтуде.

Апталықтың негізгі мақсаты – халық арасында вакцинацияға деген оң көзқарасты қалыптастыру, вакциналардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы ақпараттандыру, жұқпалы ауруларға қарсы иммунитетті нығайту және тиісті контингентті профилактикалық екпемен қамту.

Соңғы жылдары профилактикалық егулер көрсеткіші төмендеп келеді. Өзекті мәселелердің бірі – жас ата-аналардың жаңа туған балаларына екпе салдырудан бас тартуы. Бұл, ең алдымен, вакцинация туралы толық ақпараттың жетіспеушілігімен байланысты. Аудан бойынша вакцинадан кейінгі ауыр асқынулар тіркелген жоқ.

Профилактикалық егулердің нәтижесінде Әуезов ауданында дифтерия, полиомиелит, сіреспе сияқты ауыр инфекциялық аурулар тіркелмеген. Барлық екпелер арнайы дайындықтан өткен мейірбикелермен егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен медицина мекемелерінің дәрігерлері бірлесіп, вакциналардың сапасы мен маңыздылығы, қауіпсіздігі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде. Бұл шаралар өз нәтижесін беруде — 2025 жылдың басынан бері 1 927 аудан тұрғыны вакцина салдырған.

Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес 15 түрлі жұқпалы ауруға қарсы вакцина егіледі. Олардың қатарында балаларға аса қауіпті саналатын көкжөтел, сіреспе, қызылша, туберкулез секілді инфекциялар бар. Сонымен қатар, жатыр мойны обырын тудыратын адам папилломасы вирусына қарсы вакцина да күнтізбеге енгізілген — бұл да оң жетістіктердің бірі.

Ағымдағы жылы профилактикалық екпелерге қатысты арыз-шағымдар тіркелген жоқ. Бала туғаннан бастап иммунитетін нығайту үшін вакцина салынады. Балалардың вакцинаны көтере алмауы секілді деректер тіркелмеген.

Барлық медицина ұйымдарында вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстары, оқыту семинарлары мен акциялар өткізіледі. Осы аптада ауданның барлық медицина мекемелерінде челлендж ұйымдастырылып, медициналық қызметкерлер халықты вакцинациядан өтуге шақырды.

Егер қандай да бір себеппен Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес екпе алынып үлгермесе, өз тұрғылықты жеріңіздегі емханаға барып, еш кедергісіз, ақысыз түрде егуге болады. Вакцина арқылы сіз өзіңізді де, балаларыңызды да жұқпалы аурулар мен оның асқынуынан қорғайсыз.

Вакцинация мәселелері бойынша тұрғындар мына байланыс нөмірлеріне хабарласа алады:
3098710, 3098930

Әуезов ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
Басшының орынбасары
Жансеитова М.Ш.