Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті

Мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті

Тәуелсіздіктің 30-жылдығына орай, Әуезов ауданы әкімі аппаратына қарасты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Алматы қаласы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен әйгілі күйші, композитор, жырау, ақын Мұрат Өскінбаевтың құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қазақ даласы-ата-бабалардың күйіне тербелген, сазды аспаптардың әуеніне бөленген бай өлке.

Өнер бұлағымен сусындаған, бойы ақындық қасиетті, ұлтына деген сүйіспеншілікті жинаған дара, біртуар жан- Мұрат Өскінбаев. Ол Маңғыстау облысы, Адайдың Жағай руынан тараған күйші-сазгер. Бала кезінен бастап әкесінің үздік тәрбиесін көріп, қазақтың көне халықтық жыр-дастандарын, Абыл мен Нұрымның, Ақтан мен Аралбайдың, Қалнияз бен Өскенбайдың, Қашаған мен Сәттіғұлдың, Өмір мен Бәйімбеттің, Елбайдың және басқа да ақын, жыраулардың шығармаларын бірнеше күн қатарынан тынбай үйреніп жырлап, сонымен бірге өзі де өлең, толғау, термелер шығарып, өмірін өнер жолына арнады.

Мұрат Өскенбайұлының өлеңдер жинағы 1986 жылы «Аманат» деген атпен «Жазушы» баспасынан басылып шықты. 500-ден астам күйлері мен термелері Маңғыстау, Түрікмен, Қарақалпақ елдеріне күйші-аұынның даңқын асырған.

Қазақ халық композиторларының ортасында өз алдына бiр төбе болып тұрған Мұрат Өскiнбаевтың күйлерi бiздiң дәуiріміздің мұратты мұрасы.

Мәдениетті іс-шараға М. Өскінбаевтың ұлы Алдаберген Мұратұлы Өскінбаев, Жамыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының директоры, Мәдениет саласының үздігі Серік Тоқтасынұлы Нұрмолдаев және М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы директорының орынбасары Данияр Сағынғалиұлы арнайы қонақтар ретінде қатысты.

Мемориалдық тақта Алматы қаласы, Әуезов ауданы, 2-шағын ауданы, 9 үйдің қабырғасына орнатылды. Бұл үйде есімі өшпес, сан қырлы саңлаұ тұлға Мұрат Өскінбаев өмірінің жарты кезеңін өткізген болатын. Күмбiр қаққан күйлерi ұрпақтар жадында жаңғырып, сақтала бермек.