Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында және Астана күніне орай, Әуезов ауданында Бекзат Саттарханов атындағы «Bekzat boxing club» спорт кешенінің салтанатты ашылуы өтті.
Салтанатты ашылу рәсімінде қызыл лентаны Әуезов ауданының әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайран Сайфеденов және бокс клубының жетекшісі Бағдат Сырлыбаев кесті.
Айта кетсек, «Юность» кинотеатры ғимаратының орнында инвестициялық жоба аясында Бекзат Саттарханов атындағы «Bekzat boxing club» спорт кешені салынды. Бұл спорт кешені 3 шағынаудан, 15А мекенжайында орналасқан.
Мұнда жаттығатын болашақ былғары қолғап шеберлеріне ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ: себезгі кабиналары, ыңғайлы киіну бөлмелері және медициналық кабинеттер. Үлкен зал рингпен және арнайы соғуға арналған қапшықтардың әртүрлерімен жабдықталған.
Бұл жобаның мақсаты-спортпен және дене шынықтырумен айналысу үшін қолайлы жағдай жасап, халық арасында салауатты және белсенді өмір салтын насихаттау, адамның өмір сүру сапасын жақсарту.