Аудан басшысы ардагерлерді құттықтады

Аудан басшысы ардагерлерді құттықтады

Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ұлы мереке!
Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын соғыс - Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл толады. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ.

Жеңіс күніне орай, Әуезов ауданы әкімі, “Nur Otan” партиясы аудандық филиалының төрағасы Сайран Сайфеденов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Батима Ибраева, аудандық “Nur Otan” партиясымен біріге отырып, әскери Радиоэлектроника және байланыс институтының қолдауымен, қанды майданның соғыс ардагерлерін: Егор Степанович Долидула мен Василий Егорович Петровты құттықтап қайтты.

Егор Степанович Долидула 1927 жылы дүниеге келген. “Жапония жеңісі үшін” медаль иегері. Ұлы Отан соғысында батырлық пен қайсырлық танытқан ардагер, соғыс жылдары аяқталған соң Ішкі істер министрлігінде қызмет екен.

Василий Егорович Петров 1924 жылы дүниеге келген. Полковник Бурманов пен комиссар Винокуровтың басшылығымен әскери бөлімде қызмет етіп, Сталинград түбіндегі неміс әскерлерін қоршауға алуға қатысқан. Неміс армиясының дала маршалы Паулюсты қоршап алып, тұтқындауға қатысқан.
Курск доғасының астында соғысып, Белгород, Харьков, Днепропетровск, Днепродзержинск, Запорожье және Одесса қалаларын азат еткен.
Сондай-ақ Румынияны неміс басқыншыларынан босатқан.
Василий Егорович Петров "Сталинградты қорғағаны үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарына ие болған.

Біздің аталарымыз бен әкелеріміздің батырлықтары мен жанқиярлықтары, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншіліктері Қазақстанның бүгінгі жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі ғана емес, бұл – бірнеше ұрпақты байланыстыратын қоғамның рухани дамуы мен ұлттық қайта өрлеуінің жоғары адамгершілік негізі. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі. Табандылық пен ерлік, Отанға деген сүйіспеншілік қатал соғыста Жеңіске жеткізді.

Әуезов ауданы әкімі Сайран Сайфеденов елімізге еңселі Жеңіс Туы мен азаттық сыйлаған батыр-ардагерлерімізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тілеп қайтты.