
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында елді мекендерді абаттандырудың жаңа Үлгілік қағидалары күшіне енді. Осыған байланысты Әуезов ауданында аудан әкімінің аппараты, Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы және табиғатты қорғау полициясының қатысуымен жаңа талаптардың сақталуына мониторинг жүргізілді.
Жаңа қағидаларға сәйкес:
- меншік иелері өз нысандарына іргелес 5 метрге дейінгі аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті;
- құрылыс материалдарын тек құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде ғана орналастыруға рұқсат етіледі;
- көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында жарамсыз көлік құралдарын қалдыруға және заңсыз автотұрақ шектеуіштерін орнатуға тыйым салынады;
- үй жануарларын балалар және спорт алаңдарында серуендетуге болмайды, ал иелері олардың қалдықтарын міндетті түрде тазалауы тиіс.
Мониторинг барысында анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік шаралар қабылданып, әкімшілік айыппұлдар салынды.
Мұндай мониторингтік іс-шаралар аудан аумағында тұрақты түрде жалғасады. Негізгі мақсат – абаттандыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету, тазалық пен тәртіпті нығайту және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру.