«Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» акциясы

«Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» акциясы

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының және Алматы қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен «UAQYT» қоғамдық қоры нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясында «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» атты концерттік акция өткізді.

Жасөспірімдер мен жастардың тұрғылықты жері бойынша бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық қабілеттері мен мүмкіндіктерін жан-жақты дамыту мақсатында Алматы қаласының Әуезов ауданында «UAQYT» қоғамдық қоры Әуезов ауданындағы бос уақыт өткізу орталықтарының қызметін жүзеге асыруда. Аталған орталықтарда 12 мен 35 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар 28 үйірме мен спорт секциясында тұрақты түрде және тегін негізде білім алып, өз қабілеттерін дамытып келеді.

Нашақорлыққа қарсы күрес айлығы аясында өткен «Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз» концерттік акциясы денсаулықты, спортты, белсенді өмір салтын және жарқын болашақты таңдаған жандардың басын қосты.

 

Концерт денсаулықтың ең басты құндылық екенін және бүгінгі дұрыс таңдау ертеңгі болашағымызды айқындайтынын тағы бір мәрте еске салған жарқын іс-шара болды. Шығармашылық қойылымдар, шынайы эмоциялар мен мерекелік көңіл күй қатысушылар мен көрермендерді жаңа жетістіктерге жетуге және салауатты өмір салтын ұстануға шабыттандырды.

 

Іс-шараның ерекше сәттерінің бірі маусым айы бойы өткізілген «RŪH MARAFON» спартакиадасының жалпы турнирлік кестесі бойынша жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі болды. Спартакиада қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

 

III орын – «Дәлел» бос уақыт өткізу орталығы;

II орын – «Жауынгер» бос уақыт өткізу орталығы;

I орын – «Жас Өрен» бос уақыт өткізу орталығы.