
Қазақстан Жазушылар кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, драматург, әнші-сазгер Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдық мерейтойына орай «Сырлы сөздің саңлағы – Бәкір Тәжібаев» атты еске алу кеші өтті.
Кешке қатысқан Бәкір Тәжібаевтың ұлы, "ARSHALA" қорының директоры Жасұлан Тәжібаев өз естеліктерінде әкесінің өмірі, шығармашылық жолы және қазақ мәдениетіне қосқан үлесі туралы құнды деректермен бөліссе ақындар Әділғазы Қайырбеков, Сламхат Сейтхамзаұлы қаламгердің ұлттық руханиятты байытудағы қайраткерлік тұлғасы мен парасатты болмысы туралы ойларын жеткізді.
«Бәкір Тәжібаев – жыр әлемі» атты тақырыпта баяндаманы Алматы облысы қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің оқытушысы Перизат Абиева оқыса, аталмыш колледж студенттері ақын шығармаларынан үзінділер оқып, күймен биден өнер көрсетті.
ҚР мәдениет қайраткерлері, Ғазизхан Әділханов, Зура Ахмадова, дәстүрлі әнші, ”Алатау дәстүрлі өнер театры” әртісі Нұрболат Исаев ақынның «Ақ бұлақ», «Туған жер», «Әдемі-ау» т.б. әндерін шырқады. Сондай-ақ кітапхана қорынан ұйымдастырылған Бәкір Тәжібаевтың шығармашылық мұрасына арналған көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Кеш соңында «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Әуезов аудандық филиалының төрағасының орынбасары, Жағыпар және Сапар Касеновтардың орындауында Бәкір Тәжібаевтың «Күн дидарды Қазақстан» әні шырқалып белсене ат салысқан қатысушыларға "ARSHALA" қорының атынан алғыс хат табысталды.