ӘУЕЗОВ АУДАНЫНДА БЮДЖЕТТІҢ КІРІС БӨЛІГІН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН ЗАҢДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ӘУЕЗОВ АУДАНЫНДА БЮДЖЕТТІҢ КІРІС БӨЛІГІН АРТТЫРУ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫН ЗАҢДАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Әуезов ауданында бюджеттің кіріс бөлігінің өсуін қамтамасыз ету, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру және көлеңкелі экономиканы заңдастыру жөніндегі Жол картасын іске асыру аясында еңбекақы төлеу және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті.

Іс-шараға Әуезов ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.

Отырыс барысында еңбек қатынастарын заңдастыру, еңбекақы төлеудің ашықтығын қамтамасыз ету, жалақыны «конвертпен» төлеуге жол бермеу, еңбек және салық заңнамасының сақталуы, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Әуезов ауданы аумағында 15 429 белсенді кәсіпорын тіркелгені атап өтілді. Оның ішінде 47-сі ірі, 125-і орта және 15 257-сі шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. Осыған байланысты жұмыскерлерді ресми тіркеу және салық түсімдерінің толықтығын қамтамасыз ету мәселелері ерекше маңызға ие.

Кездесу барысында Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Еңбек» ақпараттық жүйесі мен салықтық есептілік деректерін салыстыру нәтижелерін таныстырды. Талдау қорытындысы бойынша еңбек шарттары тіркелгенімен, салықтық есептілікте қызметкерлерге еңбекақы төлемдері көрсетілмеген немесе нөлдік көрсеткіштер ұсынылған 1 608 салық төлеуші анықталған.

Қатысушылар жұмыс берушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарының толықтығын қамтамасыз ету, еңбек қатынастарын заңдастыру және бейресми жұмыспен қамту деңгейін төмендету бағытындағы шараларды талқылады. Сауда, қоғамдық тамақтану, құрылыс, тұрмыстық қызмет көрсету және логистика салаларындағы тәуекелдерге ерекше назар аударылды.

Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, салық базасын кеңейту, бюджет кірістерін ұлғайту және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған қосымша шаралар айқындалды.