ӘУЕЗОВ АУДАНЫНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІНЕ ОРАЙ АУҚЫМДЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ

ӘУЕЗОВ АУДАНЫНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІНЕ ОРАЙ АУҚЫМДЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРАЛАР ӨТТІ
 
 1 мамыр күні Алматы қаласының Әуезов ауданында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, аудан тұрғындары мен қонақтарын бірлік, татулық және өзара сыйластық рухында біріктірді.
Мерекенің негізгі бөлігі Family Park аумағында өткен этно-концерттен басталды. Іс-шара «Қазақстан халықтарының достығы» атты әсерлі хореографиялық қойылыммен ашылып, мерекенің мазмұнын айқындады. Концерт барысында сахнада еліміздің мәдени саналуандығын паш еткен шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздар өнер көрсетті.
Көрермендер қазақ, ұйғыр, кәріс, түрік, өзбек және татар халықтарының ұлттық билерін тамашалап, танымал әртістер мен жас орындаушылардың әндерін тыңдады. Олардың қатарында Диана Шарапова мен Қажымұқан Мағазбекұлы да бар. Сонымен қатар, «Sunrise», «Жас өркен», «Ақ сұңқар» би ұжымдары, «Қарақат» вокалдық студиясы және хор ұжымдарының өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, Сарыарқа алаңында мерекелік көрме ұйымдастырылды. Іс-шара аясында ұлттық киімдер көрмесі ұсынылып, онда Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерінің дәстүрлі киімдері мен мәдени ерекшеліктері таныстырылды. Көрме келушілерге ұлттық нақыштағы ою-өрнектер мен сәндік элементтерді жақыннан көруге мүмкіндік берді.
Өткізілген іс-шаралар қоғамдық келісім мен бірліктің маңызын тағы бір мәрте айқындап, аудан тұрғындарының белсенділігі мен ұйымшылдығын көрсетті. Әуезов ауданында ұйымдастырылған мерекелік шаралар көпұлтты қоғамдағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталды.