
2026 жылдың 16 сәуірінде Қазақстан Жазушылар кітапханасында Ұлттық кітап күні және кәсіби мереке – Кітапханашылар күніне орай «Артық білім – кітапта» атты мазмұнды әрі тағылымы мол мерекелік кеш ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін насихаттау, кітапханашылардың қоғамдағы рөлін айқындау, сондай-ақ оқырман мен қаламгер арасындағы байланысты нығайту болды.
Мерекелік кештің шымылдығы Сабира домбыра мектебінің «Төремұрат» домбыра ансамблінің орындауындағы қазақ күйлерінен поппуримен түріліп, ұлттық өнердің әсем әуенімен әрленді. Іс-шара барысында кітапхана жетекшісі Мұхаммедова Мақпал «Ғибратты ғұмыр: Нәзира Дәулетова – кітапхана ісінің шамшырағы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, кітапхана саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті маман Нәзира Қожахметқызы Дәулетованың 100 жылдық мерейтойының маңызын ерекше атап өтті.
Кешке арнайы шақырылған құрметті қонақтар: Ғалым, қоғам қайраткері, Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Әлиқызы Осман; Ақын, Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығының иегері, Қазақстанның құрметті жазушысы Жұмаш Кенебай; Жазушы, баспагер, Республикалық «Астана-Бәйтерек», халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері Қанат Қайым; «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Әуезов аудандық филиалының төрағасы Батима Сапиевна кітап мерекесімен құттықтап, кітаптың адам өміріндегі орны, рухани дамудағы маңызы туралы тағылымды ойларымен бөлісті. Ал кітапхана ісінің үздігі, «Құрметті кітапханашы» медалінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері, режиссер-сценарист, «Құрмет» орденінің иегері Ағайса Елена Жамелқызы өзінің мол тәжірибесін жас кітапханашылармен бөлісті.
Бағдарлама аясында Алматы қаржы-экономикалық колледжінің студенттері өнер көрсетіп, сазсырнай аспабында күй орындап, қазақ әдебиетінің інжу-маржандарын мәнерлеп оқыды. Абай Құнанбайұлының терең мағыналы өлеңдері оқылып, ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, «Кітап туралы не білеміз?» атты танымдық викторина ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытып, өз білімдерін сынға салды. Мерекелік кеш «Ақниет» ансамблі әншілерінің орындауындағы әсем әндермен жалғасып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, «Оқы және өзгеге ұсын!» атты буккроссинг сөресі ұйымдастырылып, келушілерге кітап алмасу мәдениеті кеңінен таныстырылды.
Іс-шараға белсене қатысқан қонақтар мен қатысушыларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.