8-шағын аудандағы бос жатқан аумақ жайлы скверге айналды

8-шағын аудандағы бос жатқан аумақ жайлы скверге айналды

Әуезов ауданы Алтынсарин даңғылы бойындағы №37 үйдің жанында орналасқан 8-шағын аудандағы бұрын бос жатқан аумақта абаттандыру жұмыстары аяқталды. Жоба 2025 жылға арналған «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында «Сұлтан құрылыс» ЖШС мердігерлік ұйым жүзеге асырды.

Бұрын бос жатқан бұл аумақ бүгінде заманауи демалыс орнына айналып, аудан тұрғындарының сүйікті демалыс және серуен мекеніне айналды.

Абаттандыру барысында аумақ толық жаңарып, асфальт және брусчатка төселді. 27 жарық шамы орнатылып, заманауи орындықтар қойылды. Оның ішінде ұзындығы 16 метрлік орындық пен тербелмелі перголалар да бар. Жасыл желекке ерекше көңіл бөлініп, 180-нен астам ағаш пен бұта отырғызылды, көгал егілді, аумағы 110 шаршы метр болатын альпілік төбе жасалды. Жасыл желекті жүйелі күтіп ұстау үшін автоматты суару жүйесі орнатылды.

Бұл сквер — жергілікті тұрғындардың белсенділігі мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде бұрынғы бос кеңістіктің адамға жайлы қоғамдық орынға айналғанының айқын дәлелі.