Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің ірі қалаларында — Алматы, Астана, Шымкент қалаларында 1–4 сынып оқушыларын тегін тамақтандыру ұйымдастырылды.
Бюджет қаражаты есебінен орта білім беру ұйымдарында оқушыларды тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға арналған төрт апталық ас мәзірі негізінде оқушыларға тегін ыстық тамақ беріледі. Төрт апталық ас мәзірі жаз-күз, қыс-көктем мезгілдеріне сай әзірленеді.
Мектеп басшылығы асхананы жалға алған мекемемен бірлесе жұмыс жасап, оқушылардың дұрыс тамақтануы үшін жағдай жасайды. Мектеп асханасында оқушылардың дұрыс тамақтануына қажетті барлық азық-түлік өнімі қарастырылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарында асханаға кезекшілік қойылады. Санитарлық ережелер мен талаптарға сай жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Тамақ сапасын бракераж комиссиясы, ата-аналар комитеті және қамқоршылық кеңес мүшелері бақылайды. Ас мәзірі мен асхананың санитарлық талаптарға сәйкестігі, асхана қызметкерлерінің қызмет көрсету барысы мен сапасы, шикізаттың жеткіліктілігі, дайын астың сапасы, сондай-ақ ас мәзірі бойынша дайындалған тағам көлемінің сәйкестігі тексеріледі. Мектеп медбикесі ас сақтайтын қоймаларды және тоңазытқыштарды тексеріп отырады.
Қазақстанда мектептердегі тамақтану сапасы мен ассортиментін реттейтін бірқатар нормативтік актілер бар. Білім және ғылым министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, теңдестірілген диетаны қамтамасыз етуге бағытталған мектептегі тамақтануды ұйымдастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сондай-ақ, оқушылардың тамақтануын жақсартуға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы, дұрыс тамақтану бойынша акциялар өткізіледі, дұрыс тамақтану және тамақ қауіпсіздігі тақырыбында білім беру бағдарламалары аясында сынып сағаттары ұйымдастырылады.
Дұрыс тамақтану — бұл балалардың физикалық денсаулығының кепілі ғана емес, сонымен қатар олардың болашақта табысты оқуы мен дамуының негізі.