Театрдың туған күні 1934 жылдың 13 қаңтар деп есептеледі. Бұл күні “Айман-Шолпан” музыкалық комедиясының алғашқы көрсетілімі өтті. Комедия Мұхтар Әуезовтің пьесасы негізінде қойылған, әуенін Евгений Брусиловский жазған, ал спектакльде ойнаған күйлерді Иван Коцык өңдеген.
“Айман-Шолпан” алғашқы қойылымына Күләш пен Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Сералы Қожамқұлов, Манарбек Ержанов, Шара Жиенқұлова секілді болашақ кәсіби опера театрының негізін қалаушылар қатысқан.
Бұл театрда ұлттық өнер туындылары жарық көрген: “Қалқаман және Мамыр” балеті, аты аңызға айналған “Қыз-Жібек” операсы, “Абай” операсы, “Біржан және Сара” операсы, “Еңлік-Кебек” операсы.
Біз сіздерді театр құрылғанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз. Театрдың мерейтойы - бұл біздің қаламыздың ғана емес, еліміздің де мәдени өміріндегі жарқын оқиға. Абай атындағы опера және балет театры өзінің негізін қалаушылардың даңқты дәстүрлерін сақтап, күннен күнге асқақтатып келеді. Ондаған жылдар бойы сіздер отандық театр өнерінің дамуына баға жетпес үлес қосып келесіздер. Театр ұжымына тамаша премьералар, жаңа таланттар мен сахнада табыс тілейміз.