Б. Сағынтаев: Алматы тең мүмкіндіктер қаласы ретінде дамуда

Б. Сағынтаев: Алматы тең мүмкіндіктер қаласы ретінде дамуда

Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы тікелей эфирде әлеуметтік нысандар салу жобаларының таныстырылымы барысында әлеуметтік қызмет көрсететін және спортпен шұғылданатын нысандар туралы айтты.
Қала әкімі Б. Сағынтаев мегаполисте соңғы екі жылда ондаған әлеуметтік нысандар салынғанын атап өтті. Бұл жұмыс тұрғындардың нақты сұраныстары бойынша жүруде. Соның ішінде әлеуметтік қызметтер көрсететін және спортпен шұғылдануға болатын нысандар салынуда.
53 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамдар тұратын үлкен қала үшін күрделі мәселе — оңалту нысандарымен қамтамасыз ету. Б. Сағынтаев Алматыны барлығына бірдей мүмкіндіктері бар инклюзивті қала ретінде дамыту міндеті тұрғанын атап өтті.
Әлеуметтік қызмет көрсету үйінің құрылысы аяқталып қалды. Оның басты мақсаты — «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік қызметтердің кең спектрін ұсыну, мұнда біздің қаланың әрбір тұрғыны тіркеу орнына қарамастан, мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар, балалар мен ересектерге арналған екі оңалту орталығын салу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған бассейні бар спорт кешенін салу жобасы пысықталуда.
Спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында саны 4 мыңға дейін жеткізілген спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы 700-ден астам ашық спорт алаңдары салынды. «Еңбек» бағдарламасы арқылы осындай спорттық алаңдарда жұмыс істеуге бейінді федерациялардың 300-ге жуық нұсқаушылары мен жаттықтырушылары тартылды.
Сонымен қатар, қала үшін жабық алаңдар қажет. Биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен қаланың шетінде 6 денешынықтыру-сауықтыру кешені мен бір теннис орталығы салынады.
Бюджеттен тыс қаржы есебінен 6 жаңа спорт нысанын, оның ішінде денешынықтыру-сауықтыру кешендерін, үстел теннисі және теннис орталықтарын, күрес кешенін, гимнастика залын салу жоспарлануда. «Сұңқар» ШТХК-де спорт кешенінің екінші кезеңі де аяқталатын болады.