Алматыдағы алты ірі азық-түлік базарында әлеуметтік дүкендер ашылды

Алматыдағы алты ірі азық-түлік базарында әлеуметтік дүкендер ашылды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халықпен онлайн форматтағы есептік кездесуде тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу барысында 1308 нөмірлі бірыңғай арна жұмыс істеді. Тұрғындар азық-түлік бағасы бойынша сұрақтар қойды.
«Өткен жылы біз бюджеттен 7 млрд теңге бөліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорын құрдық. Алматыдағы сауда нысандарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бекітілген тізбесіндегі 19 өнімнің 18-інің бағасы белгіленеді. Қазақстан бойынша ең төменгі баға бізде. Егер біз бұл жұмысты жүргізбегенде, баға одан әрі шарықтаған болар еді», - деді әкім. Шаһар басшысы жұмыртқа бағасына қатысты сұраққа осылай жауап берді.
Сонымен қатар Алматының алты ірі азық-түлік базарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін белгіленген бағамен сату үшін әлеуметтік дүкендер ашылды. Әлеуметтік дүкендердегі азық-түлік бағасы нарықтағы орташа деңгейден 20-30% төмен.