Пластикті кәдеге жарату: Қала күнінде экоаймақ қонақтарын не күтеді

Пластикті кәдеге жарату: Қала күнінде экоаймақ қонақтарын не күтеді

19 қыркүйекте Алматыда Қала күнін атап өту аясында ECO Network экоаймағы ашылады. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу туралы көбірек мәлімет алып, пластик қалдықтардың жаңа бұйымдарға қалай айналатынын көре алады. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС мамандары айтты.

Экоаймақ сағат 09:00-де Панфилов көшесінде, Гоголь және Төле би көшелерінің аралығында жұмыс істейді. Алаңда эко-трак жұмыс істеп, онда қалдықтарды сұрыптау және оларды кейін қайта пайдалану жолдары туралы айтылады.

Велошреддерлер арқылы қатысушылар велосипед педалін айналдырып, пластик қақпақтарды өздері ұсақтай алады. Сондай-ақ, қонақтар эко-корнхолл мен «Сыр» ойынына қатыса алады.

Арнайы аппараттың көмегімен пластикті балқытып, қайта өңдеу үдерісі де көрсетіледі. Келушілер өңделген пластиктің жаңа бұйымға қалай айналатынын нақты уақыт режимінде тамашалай алады.

Қонақтар үшін сыйлық пен ұтыс ойыны да дайындалды. ECO Network қосымшасында алдын ала тіркеліп, іс-шараға келген қатысушылар арасында қайта өңделген пластиктен жасалған, тірі гүлдері бар үш авторлық құмыра ойнатылады.

Ұтыс ойынына қатысу үшін 18 қыркүйек сағат 23:59-ға дейін ECO Network қосымшасындағы іс-шара парақшасында «Я пойду» батырмасын басу қажет. 19 қыркүйекте экоаймаққа келіп, қосымшаны үйлестірушіге көрсетіп, QR-кодты сканерлеу арқылы қатысуды растау керек.

Сонымен қатар ECO Network жүйесінде тіркелген пайдаланушылар сыйлық ала алады. Ол үшін Instagram желісіндегі @ecohub.almaty парақшасына жазылып, экоаймақтан аккаунтты белгілеп сторис жариялау және оны үйлестірушіге көрсету қажет. Қатысушыларға қайта өңделген пластиктен жасалған бірегей бұйым сыйға беріледі.

ECO Network экоаймағы Қала күніне арналған мерекелік бағдарламаның бір бөлігі болмақ. Мұнда келушілер ойындар мен түрлі белсенділіктерге қатысып қана қоймай, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызын және пайдаланылған материалдарға екінші өмір сыйлау жолдарын тәжірибе жүзінде көре алады.

Күні: 19 қыркүйек 2026 жыл
Басталуы: 09:00
Өтетін орны: Алматы қаласы, Панфилов көшесі, Гоголь және Төле би көшелерінің аралығы.