Алматыда 50 жастан асқан өнерпаздар арасында «Алматыны аяла!» қалалық байқауы басталды

Алматыда 50 жастан асқан өнерпаздар арасында «Алматыны аяла!» қалалық байқауы басталды

Алматыда 50 жастан асқан әуесқой өнерпаздар арасында «Алматыны аяла!» атты қалалық шығармашылық байқау басталды. Байқау Алматы қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылуда.

Байқаудың басты мақсаты — аға буын өкілдерінің шығармашылық әлеуетін қолдау, олардың өнерін насихаттау және қаланың қоғамдық-мәдени өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау.

Жоба аға буын өкілдерінің шығармашылық белсенділігін арттыруға, олардың өнер саласындағы мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Сонымен қатар байқау аясында халық шығармашылығын дәріптеу, ұлттық және мәдени дәстүрлерді сақтау, сондай-ақ оларды заманауи сахна талаптарымен сабақтастыру көзделген.

Байқау екі кезеңнен тұрады

Байқау екі кезең бойынша өтеді.

Бірінші кезең 2026 жылғы 3-15 қыркүйек аралығында Алматы қаласының барлық сегіз ауданында ұйымдастырылады. Аудандық кезеңде қатысушылар белгіленген талаптарға сәйкес өнер көрсетеді. Аудандық мәдениет бөлімдері іріктеу кезеңін ұйымдастырып, жеңімпаздарды байқаудың финалдық кезеңіне жолдайды.

Екінші, финалдық кезең 2026 жылғы 18 қыркүйекте «Алатау» дәстүрлі өнер театры сахнасында өтеді.

Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Жүлде қоры

Байқаудың жалпы жүлде қоры:

  • I орын — 3 млн теңге;
  • II орын — 2 млн теңге;
  • III орын — 1 млн теңге;
  • Ынталандыру сыйлықтары — 5 жеңімпазға 300 мың теңгеден.

Қатысушылар үш бағыт бойынша өнер көрсетеді

Ән (вокал) — эстрадалық, халықтық және академиялық вокал. Байқауға жеке орындаушылар, дуэттер, триолар және шағын шығармашылық ұжымдар қатыса алады.

Күй (аспаптық өнер) — жеке орындаушылар мен аспаптық ансамбльдер. Домбырада және басқа да музыкалық аспаптарда орындалатын шығармалар қабылданады.

Би (хореография) — халық биі, қазақ биі, халықтық-стильденген және заманауи би бағыттары.

Әр қатысушы немесе шығармашылық ұжым байқауға бір өнер нөмірін ұсынады. Өнер көрсету ұзақтығы 5 минуттан аспауы тиіс. Қажет болған жағдайда сахналық уақыт техникалық мүмкіндіктерге байланысты ұйымдастырушылар тарапынан нақтылануы мүмкін.

Байқауға кімдер қатыса алады?

Байқауға Алматы қаласында тұратын 50 жастан асқан әуесқой өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар қатыса алады.

Байқауға қатысу талаптары мен Ережесімен ресми құжаттан танысуға болады.

Алмалы ауданындағы байқау координаторы

📞 +7 700 741 45 19
📧 culture.almaly@gmail.com