
Алматының тарихи орталығында қоғамдық кеңістік біртіндеп ретке келе бастады. Қазір Жібек жолынан Райымбек даңғылына дейінгі Панфилов көшесінің бөлігі де жаңартылып жатыр. Аумағы 1,7 гектар болатын бұл аумақ ұзақ уақыт бойы жаңғырмаған. Енді ол қала орталығындағы жаяу жүргіншілер кеңістігінің заңды жалғасына айналып, мұнда қауіпсіз әрі функционалды қоғамдық орта қалыптаспақшы.
Аумақты абаттандыруды тұрғындардың өзі ұсынып, «Халық қатысатын бюджет» (ХҚБ) бағдарламасы арқылы бекітілді. Кейін жоба ауданның қосымша қаржыландыруымен қолдау тапты. Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин пресс-тур барысында бұл жоба Алматы-2 теміржол вокзалына апаратын маңызды транзиттік бағытта тұрғындар үшін жайлы әрі жарық қоғамдық орта қалыптастыруды көздеп отырғанын айтты.
Құрылыс жұмыс биылғы 18 мамырда басталды. Жобада микроклиматты жақсартып, жаяу жүргіншілерді шаңнан қорғауға көп көңіл бөлінген. 1,0 гектар аумақты түгел көгалдандырмақшы. Мұнда қолданыстағы ағаштар сақталып, құнарлы қара топырақ төселіп, 10 мың шаршы метр аумаққа көгал егіледі. Жол жиегінде табиғи жасыл қорғаныс белдеуін қалыптастыру үшін 18 мың көпжылдық бұта егілмек. Өсімдіктердің жерсінуін автоматты және тамшылатып суарудың жаңа жүйесі қамтамасыз етеді.
Жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы (0,7 гектар аумақ) күрделі жаңғыртудан өтуде. Жоба аясында тозуға төзімді 6 325 шаршы метр төсемтас пен 750 шаршы метр асфальт жабыны төселуде. Аумақтың тазалығын сақтау үшін 20 жаңа қоқыс жәшігі орнатылады.
Кешкі уақытта қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта 2,1 шақырым электр кабелі тартылып, 106 заманауи жарықтандыру тірегі орнатылуда.
«Жоба жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне басымдық бере отырып әзірленді. Панфилов көшесінің төменгі бөлігі – адам көп жүретін аумақ, сондықтан біздің міндетіміз – оны жарық, таза әрі жайлы ету. Біз тек төсемтас төсеп жатқан жоқпыз, сонымен қатар суару мәселесін шешіп, жарықтандыру жүйесін орнатып, магистраль жолдан бөліп тұратын жасыл белдеу қалыптастырып жатырмыз. Қала орталық пен шет аймаққа бөлінбей, барлық жерде тұрғындар үшін жайлы болуы тиіс», – деді Арман Шамшин.