«Көктем-2026»

«Көктем-2026»

«Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары аясында Алматы қаласы Алмалы ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы, Алматы қаласы ТЖД басшылығы — азаматтық қорғау подполковнигі Жусупов Д.М. және аудан әкімінің орынбасары Құрманбек О.Қ.-ның қатысуымен, өзара іс-қимыл жасайтын қызметтермен бірлесіп, су тасқыны кезеңіне дайындыққа бағытталған кешенді практикалық іс-шаралар өткізді.
Алдымен Үлкен Алматы өзенінің арнасын тазарту жұмыстары жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, Төле би көшесі мен Райымбек даңғылы (шығыс жағы) аралығындағы учаскеде өзен арнасы қоқыстан, мұз қатпарларынан және қар еру кезеңінде су өткізуге кедергі келтіретін өзге де бөгеттерден тазартылды. Негізгі мақсат — тасқын сулардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету және су басу қаупін азайту.
Оқу-жаттығудың екінші кезеңінде №147 жалпы білім беретін мектеп базасында зардап шеккен халықты қабылдау пункті жайғастырылды. Практикалық пысықтау барысында:
• эвакуацияланған азаматтарды тіркеу тәртібі;
• тамақтандыруды ұйымдастыру;
• адамдарды спорт залға орналастыру (жинамалы кереуеттерді қою, ұйықтау орындарын дайындау) көрсетілді.
Мектеп аумағында қосымша резервтік мүлік сақталған арнайы контейнер орнатылған. Онда:
• қысқы және жазғы шатырлар;
• үстелдер мен жабдықтар;
• жылу зеңбіректері (жылытқыштар);
• электр генераторлары және өзге де қажетті құрал-жабдықтар орналастырылған.
Мүліктің сақталу жағдайы, толықтығы және жедел пайдалануға дайындығы тексерілді.
Сонымен қатар оқу-жаттығу аясында мектеп оқушылары мен педагогикалық ұжымға профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар су тасқыны және көктемгі кезеңдегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, келесі талаптарды атап өтті:
• қар көшкіні қаупі кезінде таулы аймақтарға шығуға тыйым салу;
• өзен арналарына жақын жерде болмау;
• жұқа мұзға шығудың қауіптілігі;
• өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау.
Өткізілген іс-шаралар төтенше жағдайларға дайындық деңгейін бағалауға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды арттыруға және жедел әрекет ету дағдыларын нығайтуға мүмкіндік берді.