
Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Геннадьевна Белоусова Global Teacher Prize 2025–2026 халықаралық байқауының қорытындысы бойынша әлемдегі үздік 50 педагогтың қатарына енді. Бұл жоғары марапат — ондаған жылдар бойғы тынымсыз еңбек, жоғары кәсіби шеберлік пен өз ісіне деген шынайы сүйіспеншіліктің нәтижесі.
Осы маңызды оқиғаға орай Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Аралбаев пен Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин № 95 мектеп-лицейіне арнайы келіп, Татьяна Геннадьевнаны жеке өзі құттықтап, Алматы қаласының білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Әлемдік деңгейдегі педагогтың дәл Алмалы ауданында еңбек етуі — бүгінде алматылық жас ұрпақтың болашағы қалыптасып жатқан өңір үшін ерекше мақтаныш.
Татьяна Белоусова №95 мектеп-лицейінде 1984 жылдан бері еңбек етеді, жоғары педагогикалық білімі бар, педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-шебер санатына ие. Ол — National Teacher Prize Kazakhstan 2024 байқауының жеңімпазы, «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, «Халық алғысы» медалімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
«Алматылық педагогтың әлемдегі үздік 50 мұғалімнің қатарына енуі — отандық білім беру жүйесінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Татьяна Геннадьевнаның кәсіби жолы мамандыққа адалдықтың жарқын үлгісі болып, әріптестері мен шәкірттеріне шабыт береді», — деді Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері.
Біз Татьяна Геннадьевнаны осы жоғары халықаралық мойындаумен шын жүректен құттықтаймыз. Сізге зор денсаулық, қуат-жігер, шығармашылық шабыт пен алғысқа толы шәкірттер тілейміз. Кәсіби жолыңыз алдағы уақытта да өз ісіне адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып, шәкірттеріңіздің жетістіктері көпжылдық еңбегіңіздің ең үлкен марапаты бола берсін.