Алматы қаласы Білім басқармасы «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдітемелік орталығының» басшылығымен қала мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында көрнекті жазушы, ғалым-педагог, қоғам және мемлекет қайраткері, даңқты партизан Әди Шәріповке арналған «Жақсылыққа жаралған жүрек» шығармашылық байқауы –өткізілді. Шараның басты мақсаты - белгілі қоғам қайраткері, жазушы, партизан, «Құрмет» орденінің иегері Әди Шәріповтың шығармашылығын насихаттау, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарын жүзеге асыру, мектеп оқушыларының зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, сөз мәдениеті мен тарихи танымдарын дамыту. Байқауға Алатау, Алмалы, Бостандық, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб аудандарынан 50 оқушы қатысып бақ сынады. Жыл сайын батыр атында өткізілетін олимпиада биыл алғаш рет қала деңгейінде шығармашылық байқау ретінде ұйымдастырылып отыр. Салтанатты іс-шараның тұсауын Алмалы ауданы Қоғамдық даму, мәдениет және ардагерлер кеңесі жөніндегі әкімнің орынбасары – Калдарбеков Ербол Оспанұлы кесті. Шараға Әди Шәріповтың жұбайы К.Ж.Мыңжасарова, Алматы қаласы Білім басқармасының басшылығы, ЖОО профессорлар құрамы, Алмалы аудандық білім бөлімі, мектептің ардагер ұстаздары мен ата-аналары қатысты. Шығармашылық байқау үш кезеңде өткізіліп, байқауға қатысушы 18 оқушы жүлделі орындардың дипломдарымен марапатталды. Авторлық жұмыстарын ұсынған барлық оқушыларға қатысқаны үшін сертификаттар беріліп, арнайы сыйлықтар таратылды.