Алмалы ауданында «Халықтық қатысу бюджеті» аясындағы 45 жоба жүзеге асырылды

Алмалы ауданында «Халықтық қатысу бюджеті» аясындағы 45 жоба жүзеге асырылды

Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет – 2025» бағдарламасы аясындағы барлық жоба аяқталды. Тұрғындардың бастамасы мен қаланың қолдауының арқасында аудан жаңарып, түрленіп келеді: жаңа жасыл аймақтар мен заманауи аулалар пайда болып, алматылықтардың сүйікті демалыс орындарына айналып отыр.
Жалпы саны 45 жоба жүзеге асырылды, оның 23-і аула, ал 18-і жасыл кеңістік. Төле би, Мәуленов, Амангелді және басқа да көше бойындағы аумақтар көркейтілді. Әсіресе, Абылай хан даңғылынан Масанчи көшесіне дейін созылған Қарасай батыр көшесінің келбеті көз сүйсіндіреді. Бүгінде оны қаланың қақ ортасында орналасқан жайлы жүргіншілер аллеясы деуге болады.
Жаңартылған аулалардың көркем үлгілері - Гоголь, 77; Қарасай батыр, 134А; Құрманғазы, 171; Тілендиев, 2г және басқа да мекенжайларда орналасқан. Бұл жерлерде заманауи ойын алаңдары, жасыл желек жамылған аймақтар, демалыс орындары және автотұрақтар салынды.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы Алмалы ауданына жаңа тыныс, жасыл реңк беріп, тұрғындарға бұрынғыдан да жайлы орта ұсынған игі бастамаға айналды.