Кеше Алматыдағы «Зенит» спорт орталығында тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жабылу салтанаты өтті.
Шараның құрметті қонақтары қатарында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов, Қазақстанның Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Акім Тұрсын, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, қалалық спорт басқармасының өкілдері, Алматының Қоғамдық кеңес мүшелері, сондай-ақ ҚР Тоғызқұмалақ спорт федерациясының және шетелдік делегациялардың өкілдері болды.
Чемпионат «классика» (онлайн және офлайн), рапид және блиц форматтарында ұйымдастырылды. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар өздерінің интеллектуалдық шеберлігін көрсетіп, ұлттық ойынды халықаралық аренада насихаттауға үлес қосты.
Жабылу рәсімінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысушылардың дайындық деңгейін жоғары бағалап, чемпионаттың табысты өтуімен барша жұртты құттықтады:
«Құрметті қатысушылар мен қала қонақтары! Алматыда бұл көне ойынды насихаттап жүрген он мыңнан астам спортшы бар, олардың қатары жыл санап артып келеді. Сіздер тоғызқұмалақтың әлемдік деңгейде дамуына зор үлес қосып отырсыздар. Әр елден келген спортшылардың Алматыда бас қосуы – ойынға деген қызығушылықтың артқанын білдіреді. Әр қатысушы жоғары дайындық көрсетті, жаңа достар тапты, ал шетелдік меймандар халқымыздың дәстүрімен және қаламыздың көрікті орындарымен танысуға мүмкіндік алды», – деді ол.
Өз кезегінде Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов чемпионаттың ұйымдастырылуы арқылы тоғызқұмалақтың жаһандық деңгейде кең таралып, жас буынның зияткерлік қабілеттерін дамытуға, халықаралық ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайтуға жол ашылғанын атап өтті.
«Біз спорттың бұл түрін одан әрі танытып, дамытуға күш саламыз. Алматы оның негізгі даму орталығына айналады. Тоғызқұмалақтың танымалдығы мен оның практикалық пайдасы — ойының логикалық ойлауды жетілдіруі — оны тереңірек зерттеген әр жанға айқын», – деді Алихан Байменов жүлдегерлер мен жеңімпаздарға арнаған сөзінде.
Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты Алматыда алғаш рет 2023 жылы өткен болатын. Ол кезде 17 елден 136 спортшы қатысқан. Биыл 21 мемлекеттен 180 қатысушы өз өнерін көрсетіп, бәсекенің аясын одан әрі кеңейтті.
