Сайран көлінің жағалауында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең көлемді экосенбілік ұйымдастырылды.
Игі іс-шараға танымал өнер иелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Олардың қатарында Жұбаныш Жексенұлы, Диана Исмаил, Ұлан Нүсіпәлі, Ұлықбек Есдәулет және т.б. бар. Олар тазалық жұмыстарына атсалысып, қала тұрғындарын табиғатты аялауға шақырды.
«Сайран көлі – жаңарып, түрленген демалыс аймағы. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары табиғат аясында тынығып, отбасымен, достарымен жақсы уақыт өткізе алады», – деді Алматы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Сенбілікке 1000-нан астам адам – «Жасыл ел» жасағының мүшелері, еріктілер мен комьюнити орталықтың резиденттері қатысты.
Қаланың барлық 8 ауданында экосенбіліктер бір мезетте өтті. Қала бойынша:
— 11 000-нан астам қатысушы қатысты
— 275 арнайы техника жұмылдырылды
— 1460 м³ қоқыс шығарылды.