Балалардың тіс ауруларынан алдын алу!

Балалардың тіс ауруларынан алдын алу!

      Қазіргі таңда оқушылар  арасында тіс ауруы көп. Көпшілігі тіс жегісі және пародонтит ауруына шалдыққан. Тіпті аурудың асқынуынан балалардың бет сүйегі қисайып кету деректері де жиі кездеседі. Көптеген ата-аналар сүт тістерін емдеудің мағынасыз деп санайды, өйткені олар түсіп, азу тістері сау болып өседі. Бұл олай емес. Егер ауру сүт тісі түсіп қалса, оның орнына ауру жаңа тіс пайда болады. Мұндай ақаулар басқа органдардың жұмысына теріс әсер ететін ағзадағы инфекция болып табылады.

Балалар арасында жиі кездесетін тіс ауруларын қарастырсақ.

Ауыз қуысы гигиенасын сақтаудың денсаулық үшін маңызы зор. Тіс гигиенасын сақтамаған жағдайда ауыз қуысында түрлі аурулар пайда болуы мүмкін. Олар: тіс тасы, тіс жегісі (кариес), тіс ұлпасының қабынуы (пульпит), қанжел (периодонтит).

Тіс тасы- тістің бетін қаптап қалатын тамақ қалдықтарынан пайда болатын бактериялар мен сілекей қоспаларының жиынтығы. Сондықтан тісті уақытылы жуып, тазалау керек.

Тіс жегісі- балалардағы ең жиі кездесетін мәселелердің бірі. Тістің кіреуке қабатының зақымданып, бор тәрізді дақтың пайда болуы. Бұл-ауырмайтын, сезілмейтін үрдіс. Ауруды бұл кезеңде емдеп, тоқтатуға болады. Тістің тесігін бітеп (пломб) қана оны одан әрі зақымданудан сақтауға болады. Мұны неғұрлым дер кезінде емдесе, соғұрлым жақсы нәтиже береді. Егер тіс ауруын емдемесе,  асқынып микробтар тістің ішкі қуысына жетеді. Жұқа эмаль ересектердегідей балалардың тістерін жеткілікті қорғай алмайды, нәтижесінде кариозды процесс тереңірек еніп, пульпит пен периодонтит тудырады. Ауру бірден бірнеше сүт тістеріне әсер етуі мүмкін.

Одан әрі асқынудан-пульпиттің дамуына әкеледі. Пульпит кезінде тіс суықтан, ыстықтан қатты ауырады. Кейде тіс түбінің сыртқы қабаты қабынады.  Ол периодонтит деп аталады. Ол периодонтит кезінде тістің қызыл иегі зақымданып, тістен мүлдем айырылып қалу қауіпі бар.

Ал оқушылардағы тіс ауруының ең бірінші себебі- ауыз қуысының гигиенасына байланысты. Қазір ауыз қуысын тазартатын щеткалар мен сұйықтықтардың түрі көп. Бірақ көпшілік оны дұрыс  пайдаланбайды. Әсіресе балалар тісті қалай тазартуды білмейді. Балалардағы тіс ауруларының алдын-алу ата-ананың міндеті. Себебі кішкентай бала тіс күтімін өз бетінше атқара алмайды. Сондықтан ата-ана баланы тамақтан кейін ауызды шаюға үйрету керек. Тісті тазалау тәртібін ұстану қажет: ұйықтар алдында тазарту керек, ал таңертең асты ішіп болған соң тағы да тазалаған дұрыс. Ауыз қуысында микроб болмас үшін, тістің арасында тамақ қалдықтары қалмауы керек.

Қорыта айтқанда, баланың тістері мен денінің сау болып қалыптасуы ата-анаға тікелей байланысты. Әр ата-ана баласының дұрыс тамақтануын қадағалап, жеке бас гигиенасын ұқыпты ұстауды үйретсе, мың сан аурудың алдын алуға болатыны анық.