
Жиынды Алматы қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Ахетов Мамай Қаниұлы жүргізді. Сонымен қатар, жиынға Алатау ауданы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Кенеев Ренат Бақдәулетұлы қатысты.
Жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы рөлі, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау, Әдеп кодексінің нормаларын қатаң ұстану, сондай-ақ функционалдық міндеттерді орындау кезінде лауазымдық нұсқаулық талаптарын бұлжытпай орындау мәселелері жан-жақты талқыланды. Мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігімен қатар, оның жоғары мәдениеті, жауапкершілігі мен қоғам алдындағы беделі мемлекеттік аппараттың имиджін қалыптастыратыны ерекше атап өтілді.
Кездесу барысында қызметкерлерге әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан тартыну, ұжымда өзара сыйластық пен әдеп нормаларын сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге қызметтен тыс уақытта да әдеп талаптарын сақтау, қоғам алдында үлгілі мінез-құлық көрсету маңызды екені ескертілді.
Жиында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеу және заңнама талаптарын қатаң сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әрбір мемлекеттік қызметші өз әрекеті мен қабылдаған шешімдері үшін жеке жауапкершілік арқалайтыны айтылып, заң талаптарын мүлтіксіз орындаудың маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар, Әдеп кодексінің нормаларын түсіндіру барысында қазіргі қоғамда өзекті болып отырған лудомания мәселесі де қозғалды. Құмар ойындарға тәуелділіктің әлеуметтік зардаптары түсіндіріліп, мемлекеттік қызметшілерге мұндай келеңсіз әдеттерден аулақ болу қажеттігі айтылды.
Жиында дін мәселелері де талқыланып, қызметкерлерге басқа азаматтардың діни наным-сенімдеріне құрметпен қарау, діни негіздегі даулар мен қақтығыстарға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді. Мемлекеттік қызметшілер зайырлы мемлекет қағидаттарын ұстанып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтауға үлес қосуы тиіс екені ерекше атап өтілді.
Бұдан бөлек, кибермошенничество мәселелері қарастырылып, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және ақпараттық сақтық шараларын сақтау маңыздылығы түсіндірілді. Қазіргі цифрлық дәуірде бұл мәселелер мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысында аса өзекті екені айтылды.
Сонымен қатар, жиын барысында жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік қызмет саласына енгізу мәселелері де талқыланды. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, жұмыс процестерін оңтайландыру, азаматтармен кері байланысты жетілдіру және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану бағытындағы заманауи технологиялардың маңыздылығы атап өтілді. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілерге ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау, жасанды интеллект құралдарын заңнама аясында және кәсіби жауапкершілікпен пайдалану қажеттігі түсіндірілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерде әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін арандатушылық сипаттағы фото, видео және өзге де материалдарды жарияламау қажеттігі қатаң ескертілді.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптары мен Әдеп кодексі нормаларының сақталуына бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жиыннан кейін Ахетов Мамай Қаниұлы мемлекеттік қызметшілер мен аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдау барысында Әдеп жөніндегі уәкіл қызметкерлердің көкейкесті сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Сонымен қатар, аудан тұрғындарының бірі Алатау ауданы әкімі аппаратының салалық бөлім қызметкерлеріне сапалы әрі жедел жұмыстары үшін алғысын білдірді.