
2026 жылғы 20 наурызда Алматы қаласы Алатау ауданы әкімі Д. Кирикбаевтың төрағалығымен мемлекеттік қызметшілердің қоғамдағы рөлі, заң талаптарын сақтау және Әдеп кодексін орындау мәселелеріне арналған жиын өтті.
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшінің тек өз міндетін атқарушы ғана емес, сонымен қатар қоғам үшін үлгі болатын тұлға екені ерекше атап өтілді. Осыған байланысты қатысушыларға қолданыстағы заңнаманы, Әдеп кодексін және лауазымдық нұсқаулықтарды қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Жиында қызмет барысында да, қызметтен тыс уақытта да мінез-құлыққа жауапкершілікпен қарау маңызды екені айтылды. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін бұзу, әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол беру, сондай-ақ есірткі қолдану немесе көлік құралын масаң күйде басқару сияқты әрекеттердің мүлдем жол берілмейтіні қатаң ескертілді.
Сонымен қатар, әріптестер арасында өзара сыйластықты сақтау, ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болу қажеттігі айтылды. Қызметтік және күнделікті өмірде әдеп нормаларын сақтау – мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі екені атап өтілді.
Тұрғындармен жұмыс барысында сыпайылық, әдептілік және сабырлылық таныту, әр азаматқа құрметпен қарап, олардың мәселесіне жауапкершілікпен қарау қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Жиында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құмар ойындарға тәуелділіктің (лудомания) зияны, діни наным-сенім бостандығына құрметпен қарау, сондай-ақ теріс діни ағымдар мен қауіпті ұйымдардың ықпалына түспеу мәселелері де көтерілді. Бұдан бөлек, киберқауіпсіздік талаптарын сақтау әрбір мемлекеттік қызметші үшін маңызды екені атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша алдағы уақытта заң талаптары мен Әдеп кодексінің сақталуына бақылау күшейтілетіні жеткізілді. Аудан әкімі барлық мемлекеттік қызметшілерді өз жұмысына жоғары жауапкершілікпен қарап, мемлекеттік қызметтің беделін бірлесіп нығайтуға шақырды.