Адам папиллома вирусы және оның ағзаға әсері

Адам папиллома вирусы және оның ағзаға әсері

Адам папиллома вирусы – адамның терісін және шырышты  қабаттарын зақымдайтын вирус түрі.  Қазіргі  таңда  аталған вирустың 200 астам түрі белгілі. 14 астам түрі жоғарғы онкогенді қауіп тудырады. Бұл вирус көбіне терінің шырышты  қабаттарында дамитындықтан, обырмен асқыну қауіпі жоғары. Әсіресе, тәжірибеде жиі кездесетін жатыр мойнының обырына әкеп соқтыруы мүмкін. Жатыр мойны обырының дамуы әйел адамның папиллома вирусын жұқтыруымен байланысты. Адам вирусты жұқтырғанда, ол оның ағзасында ешқандай ауру белгілерін тудырмай тарала береді. Науқас өзінің қатерлі дертке шалдыққанын аурудың соңғы кезеңіне дейін білмей жүруі мүмкін. Ең басты себеп  адам иммунитетінің төмендеуі. Бұл вирус адам ағзасында көбеюге бейім. Ол түрленген сайын түрлі ауруларды тудырады. Әсіресе онкогенді дерттердің вирустары жылдам репликацияланады (көбейеді). Сәйкесінше, салдары адам өміріне қауіп төндіретін қатерлі ауруларға әкеп соқтырады. Ол тұрмыстық жанасу жолымен – қол алысу, сүйісу, терідегі зақымданулар мен жыныс жолдары арқылы жұғады. Әсіресе, вирус ылғалды ортада тез таралуға бейім. Тікелей бала туу кезінде, вирус анадан сәбиге оның босану жолдарымен өту кезінде беріледі. Адам папиллома вирусына  қарсы егу білім беру ұйымдарының егу кабинеттері арқылы тегін жүргізіледі. Аталған екпе ата-ананың рұқсат қағазына қол қойылғаннан кейін ғана салынады. Сонымен қатар, оқу мекемелерінен бөлек, екпе жасауға тіркелімі бар емханаларға да жүгінуге болады. ДДҰ онкологтардың ұсыныстарына сәйкес 11-14 жас таңдалған. Бұл жаста жасөспірімде тұрақты иммунитет қалыптасады.