Облыс әкімі Асхат Шахаров «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаеваны, «ҚазҒЗИ онкология және радиология» АҚ Басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті ректорының міндетін атқарушы Талғар Абиловті қабылдады.
Кездесу барысында іске асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға назар аударып, биылғы жылдың жоспарын талқылады.
Басқосуда атап өтілгендей, облыс әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоры бірлесе, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, білім беру, спорт салаларында көптеген жобаларды қолға алды, сол жобалардың басым бөлігі ауылдарға бағытталған.
Мәселен, сандық технологияларды қолдану арқылы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту жобасы аясында қор 5 млрд теңге бөлді. 12 тірек мектеп пен 134 шағын жинақты мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 4 арнайы мектеп жабдықталды. Облыстағы 1140 баланың демалуына, 121 студенттің оқу ақысы мен стипендияларының төленуіне жағдай жасалды. Өңірдегі 14 мектеп робототехниканы зерттеуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешенмен қамтылды.
Әлеуметтік салада ақыл-ой кемістігі бар мүгедектігі бар балаларға арнайы қызмет көрсететін «Қамқорлық» орталығына қаржы бөлініп, оған терапия кабинеттері, шеберханалар мен заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, мамандарды оқыту ұйымдастырылды. Бес ақтөбелік инновациялық протездерге қол жеткізді.
Денсаулық сақтау саласында келесі жобалар іске асырылды: «QH Денсаулық жолы» қайырымдылық жобасы аясында 2023 жылы онкологиялық скрининг жүргізу үшін 2 жылжымалы медициналық кешен жеткізілді. Дәрі-дәрмектер сатып алуға, медицина мекемелерін офтальмологиялық құрал-жабдықтармен қамтуға, 6 науқасқа операциялар жасауға, медицина мамандарын оқытуға қаржы бөлінді. Шалқар аудандық ауруханасының екінші корпусын оңалту орталығы ретінде қайта жабдықтауға да Қор қолдау көрсетті.
Ал спорт саласы бойынша, облыстағы 14 спорт залдың құрал-жабдықтармен жабдықталуына жағдай жасалды.