Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы жан-жақты талқыланды. Бұл – Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы аясында ауыл тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама.
Жиында құрылыс, сәулет, қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев сөз алды. Оның сөзінше, өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасымен 2023-2025 жылдар аралығында 29 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге 5,6 млрд. теңге көзделген. 2023 жылы – 8, былтыр – 10 нысан пайдалануға беріліпті. Ал биыл бюджеттен бөлінген 1,7 млрд. теңге қаражатқа 11 медициналық нысанның құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс. Бұл өз кезегінде 12 мыңнан аса тұрғынға медициналық көмекті дер кезінде, сапалы көрсетуге ықпалын тигізеді.
Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында 2025-2026 жж. Хромтау, Шалқар және Мұғалжар аудандық ауруханаларына жапсарлас ғимарат салынбақ. Аталған жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Ендігі кезек – мемлекеттік сараптама.
Отырыста баяндама жасаған денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев ауруханаларға қосымша құрылыстардың салынуы жақын орналасқан аудандардағы тұрғындардың медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады. Мәселен, Мұғалжар аудандық ауруханасынан – Темір, Байғанин, Ойыл; Хромтау аудандық ауруханасынан – Әйтеке би, Қарғалы; Шалқар аудандық ауруханасынан – Ырғыз аудандарынан тұрғындар қажетті көмек ала алады.
«Аталған аудандық ауруханаларды дәрігерлермен қамтамасыз ету мақсатында Мұғалжар ауданы – 4 (урология, кардиология, анестезиология-реаниматология, радиология), Хромтау ауданы – 1 (сәулелі диагностика), Шалқар ауданы - 2(урология, реабилитология) жоғарғы оқу орындарында резиденттерді оқытып жатыр. Сонымен қоса, осы аудандар бойынша медициналық қызметкерлерге қосымша қажеттілік бар», - деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Сұлтангереев.
Биыл медициналық жабдықтар сатып алуға 3,2 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де жүйелі жолға қойылған. «СК-Фармация» арқылы шалғай ауылдарға дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр, жыл соңына дейін бұл жұмыс еселене түспек.
Өңір басшысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан нысандардың құрылысын мерзімінде аяқтау, тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру, дәрі-дәрмек және заманауи құрал-жабдықтармен қамту тұрғысында нақты тапсырмалар берді. Аудан әкімдеріне жас мамандарды ауылдарға тарту бағытындағы жұмыстарды да жандандыруды тапсырды. Олардың тұрғын үй, көтерме жәрдемақымен қамтамасыз етілуі тиіс екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, жоғары медициналық оқу орындарын тәмамдаған түлектерді ауылдық елді мекендерге міндетті бөлу бойынша ұсыныстар әзірлеу міндеттелді.
Цифрлық технологиялар басқармасы ауылдық медициналық мекемелердегі интернет желісін күшейтуі тиіс. Бұл телемедицина арқылы облыстық және аудандық деңгейдегі мамандармен кеңес алу мүмкіндігін кеңейтеді.
«Бұл – Президент бастамасы. Мүлтіксіз орындалуы қажет. Ауылдық аймақтарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – адам өмірі мен денсаулығы үшін аса маңызды. Жобаға жауапкершілікпен қарау, бюджет қаржысын тиімді пайдалану, жұмыс барысын ай сайын мониторингтеу – басты міндет», – деп облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты мемлекеттік органдар басшыларына қатаң талап қойды.