Ақтөбеліктер «Жеңіс жолы» республикалық онлайн-акциясын белсенді қолдауда

Ақтөбеліктер «Жеңіс жолы» республикалық онлайн-акциясын белсенді қолдауда

 

Ақтөбе облысының тұрғындары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіс жолы» республикалық онлайн-акциясына белсене қатысуда.

Акцияға жастар, ардагерлер мен өңірдің белсенді тұрғындары қосылды. Қатысушылар әлеуметтік желілерде еліміздің қаһармандық өткенімен байланысты естеліктерімен бөлісіп: ескерткіштер, мемориалдар, мұражайлар және басқа да маңызды нысандардан фото мен бейнематериалдар жариялауда.

Акцияға қатысушылардың бірі – ақтөбелік журналист Жанар Чапаева. Ол қала орталығындағы Әлия Молдағұлова атындағы даңғылда орналасқан батыр қыздың бюсті жанында Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған 18 жастағы мергеннің ерлігі туралы баяндады.

Қаладағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ақтөбеліктерге арналған маңызды мемориалдық нысандардың бірі – Даңқ обелискісі. Ескерткіш жауынгер бейнесінен құралған композициядан тұрады. Майданда қаза тапқандар құрметіне қойылған бұл нысан алдында Мәңгілік алау жанып тұр.

Акцияға қатысқан Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының президенті Арман Елдесов:
– 1939 жылдан 1945 жылға дейін фашистік Германия 11 миллион адамынан айырылса, кеңес халқы 29 миллион адамның өмірін жоғалтты. Сол ерліктің тек бір бөлігі ғана бізге жетті, – деп атап өтті.

Акция аясында қатысушылар Ұлы Отан соғысына байланысты қаланың түрлі естелік орындары туралы ақпарат беріп қана қоймай, жерлестерін Жеңіс күнімен құттықтады.

Жалпы, Ақтөбе облысынан майданға 122 мыңнан астам адам аттанған. Олардың 35-і Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, 9-ы Даңқ орденімен марапатталған. 36 мыңнан астамы ұрыс даласынан оралмады. Бүгінде облыс аумағында 130-дан астам көше сол соғыстың батырларының есімін иеленген, оның шамамен 35-і Ақтөбе қаласында орналасқан.