Бүгін Ақтөбеде жасөспірімдер арасындағы төртінші халықаралық бокс турнирі салтанатты түрде ашылды. Бұл жарыс – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валерий Аносовты еске алуға арналған және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Дәстүрге айналған бұл турнир жас спортшылар үшін өз шеберліктерін рингте көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды алаң ретінде танылған. Биылғы жылы сайысқа Қазақстан мен көршілес Өзбекстанды қоса алғанда, 19 командадан 200-ге жуық жас боксшы қатысуда.
Аталған турнир спорттық қауымдастық үшін де ерекше маңызға ие. Өйткені ол – қазақстандық бокстың дамуына өлшеусіз үлес қосқан Валерий Ильич Аносовқа деген зор құрметтің белгісі.
Турнирдің финалдық жекпе-жектері мен марапаттау рәсімі 8 мамырда өтеді.