Ақтөбе облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында бірқатар жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – Алға индустриялық-техникалық колледжі қолға алған «One School — One Skills» қысқамерзімді үш айлық курс жобасы.
Курс білім алушыларға еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық мамандықтарды үйрету арқылы кәсіби дағдыларын қалыптастыру, қол еңбегінің маңыздылығын ұғындыру және болашақ маман ретінде жеке дамуына жол ашуды көздейді.
Бүгінде Алға индустриялық-техникалық колледжінде Бестамақ ауылындағы Ақтөбе медресе колледжінің білім алушылары электр-газбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша тәжірибеден өтіп жатыр. Оқу орнының басшылығының сөзінше, оқушыларға үш айлық курстан соң куәлік беріледі.
«Колледжде алты мамандық бойынша 202 білім алушы оқып жатыр. Сондай-ақ 3 мамандық бойынша дуальді оқытылады. Жұмысшы мамандықтар жылы на орай медреседегі 23 оқушы 14 сәуір мен 11 маусым аралығында
қысқа мерзімді курстан өтеді. Курсты аяқтағандарға куәлік беріледі. Бұл білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өту кезінде серіктес мекемелерде өздерінің білімін көрсетіп, жұмысқа шақырту алуына мүмкіндік береді», — дейді Алға индустриялық-техникалық колледж директорының міндетін атқарушы Асхат Себепбаев.
Курста өндірістік оқыту мен арнайы технология бойынша білім мен дағды беріледі. Бүгінде медресе колледжінің білім алушылары теория және практика жүзінде білім алып, электр-газбен дәнекерлеуші мамандығын меңгеруде.
Өндірістік оқыту шебері, арнайы пән оқытушысы Жанесен
Кушетов біліктілік курсынан өтіп жатқандарға еңбек қауіпсіздігі түсіндірілетінін айтады.
«Дәнекерлеуші — еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Курста оқып жатқан білім алушылардың дені — жаңа кәсіпті меңгеруге икемді оқушылар. Оларға кәсіптік бағдар беру — басты мақсатымыз. Білім алушыларға дәнекерлеудің жеңіл түрі үйретіліп жатыр. Мұнда ынталы жастар аптасына бір рет тәжірибеден өтіп, өндірістік процесті көзімен көреді. Ал қалған күндері оқушыларға арнайы пән оқытушысы БибігүлҚалиева теория жүзінде дәріс береді», — дейді ол.
Медресе-колледждің білім алушысы Бақтығали Нағим оқуын аяқтағаннан кейін дәнекерлеуші ретінде қосымша табыс табуды көздеп отыр.
«Курс кезінде өзіме сенімді жолдас та таптым. Білікті мамандар бізге доғалы, плазмалы және газбен пісіру, металл кесу, түсті металдарды және қорытпаларды дәнекерлеу технологияларын үйретіп жатыр. Курс басталмас бұрын бізге колледж
оқытушылары дәнекерлеудің қыр-сыры туралы ақпарат беріп, жаңа мамандықты меңгеруге деген қызығушылығымызды арттырды. Ағам да дәнекерлеуші мамандығында оқыған. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей,мен де бұл мамандықты меңгеру арқылы кәсіп көзін тапқым келеді», — дейді ол.