Ақтөбе облысы мен ҚХР инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда: бес ірі меморандумға қол қойылды

Ақтөбе облысы мен ҚХР инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуда: бес ірі меморандумға қол қойылды

 

Жобалар бойынша инвестициялардың жалпы сомасы - шамамен 1 млрд АҚШ доллары.

Облыс әкімі Асхат Шахаров бастаған ақтөбелік делегация Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында жасыл энергетика, металлургия, өнеркәсіптік өндіріс және құрылыс материалдары саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру туралы маңызды әріптестікке қол жеткізді. 

Пекиндегі келіссөздер барысында ынтымақтастық туралы төрт меморандум бекіді.

Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың екі қытайлық компания - SUNGROW Renewables Development Co., Ltd және Universal Energy Co., Ltd- мен меморандумдарға қол қоюы басты жетістіктердің бірі болды. Инвестицияның жалпы құны 218,8 миллион АҚШ долларын құрады.

Бірінші жоба бойынша SUNGROW Renewables Development Co., Ltd компаниясымен 200 мегаваттық жел электр станциясын салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның құны - 171 миллион АҚШ доллары. Жобаны іске асыру биыл яғни 2025 жылы басталады, ал толық пайдалану 2027 жылға жоспарланған.

Екінші жоба тағы 100 мегаватт жел электр станциясын салу туралы Universal Energy Co. Ltd компаниясымен келісімге қол қойылды. Жобаның құны - 47,8 млн АҚШ долларын құрайды. Нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаларды іске асыру шеңберінде 65 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.

Бұл жобалар аймақтың жаңартылатын энергия көздеріндегі әлеуетін нығайтады және электр тапшылығының алдын алуға ықпал етеді. 

Сондай-ақ Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов пен қытайлық Yima Machinery Co., Ltd компаниясы арасында орташа көміртекті легирленген болат зауытын салу туралы меморандумға қол қойылды. Жоба 60 жаңа жұмыс орнын құра отырып, машина жасау және өнеркәсіп қажеттіліктері үшін жабдықтарды импорт алмастыру, өндірісті локализациялау және орташа көміртекті легирленген болаттан жасалған өнімдерді шығаруды қамтиды.

Төртінші меморандумға облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, қытайлық China Non-Ferrous Mining компаниясы және қазақстандық SM Minerals компаниясы бірге қол қойды. Құжат Әйтеке би ауданында Бенқала мыс кен орнын игеру бойынша ауқымды жобаны іске асыруды көздейді. Жоба өңірдің тау-кен өнеркәсібінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігімен ынтымақтаса отырып, аталған инвестициялық диалогтың ұйымдастырушысы әрі бастамашысы болды.

Тағы бір құжат — Негіздемелік келісім — Сиань қаласында «AqtobeCem» ЖШС мен Sinoma (SUZHOU) Construction Co., Ltd арасында қол қойылды. Ол Алға ауданында қуаттылығы тәулігіне 5000 тонна клинкер цемент зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру туралы. Кездесуге «AqtobeCem» ЖШС акционері Н.Шәкіров қатысты. Тараптар жобаның ағымдағы мәртебесін талқылады, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесін бекітті. Жоба құны - 220 млн. АҚШ доллары. 

Жасалған келісімдер Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жаңа перспективалар аша отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікке баса назар аударады.