Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және облыс делегациясының өкілдері энергетика, металлургия және машина жасау салаларында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесулер Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының Елшілігінде Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен өтті.
Қытайға іскерлік кездесулерге қатысуға барған делегация құрамында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, SM Minerals, «AqtobeCem» ЖШС, «Зерде-Керамика» ЖШС, «ВЕСТ СНАБОПТТОРГ» ЖШС, «КЗНО» ЖШС, «ФИБС» ЖШС, «Казахстанская нерудная компания» ЖШС, «Ramazan», «Эко-Техникс Ақтөбе» ЖШС, «М8 Duty Free» ЖШС, «ҚазМеталлГрупп» ЖШС және «Aqtobe Steel Production» ЖШС сияқты компаниялар бар.
Бүгінгі таңда қол жеткізілген негізгі келісімдер – жел электр станцияларын салу, никель, кобальт және темір кендерін өндіру мен өңдеу бойынша өңдеу кәсіпорындарын іске қосу, сондай-ақ энергетика мен мұнай-газ саласына арналған жабдықтар өндірісі жобалары.
Маңызды оқиғалардың бірі – SANY Renewable Energy компаниясының вице-президенті Гай Фэнмен серіктестік перспективаларын талқылау болды. Тараптар Ақтөбе облысында жел электр станцияларын салу және қосалқы бөлшектер өндіретін зауыт құрылысына инвестициялар тарту мүмкіндігін қарастырды. SANY Renewable Energy – Қытайдың ең ірі машина жасау компаниясы, және бұл компаниямен серіктестік жасасу өңір үшін жасыл энергетика саласында жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Тұрақты экономикалық саясат пен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында Ақтөбе облысы шетелдік инвесторлар үшін, әсіресе жасыл энергетика саласында, тартымды орталыққа айналуда. Біздің жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы әлеуетіміз жеткілікті, бұл ірі жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Қазақстан жасыл экономиканы белсенді түрде дамытып жатыр және біз Қытай серіктестерімен ынтымақтастықтың осы саланың дамуына ықпал ететініне сенімдіміз. Ақтөбе облысы табиғи ресурстарының арқасында ВИЭ және тұрақты даму саласында жобаларды іске асыру үшін жетекші өңірлердің біріне айналуға дайын», - деп атап өтті Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров SANY Renewable Energy компаниясының вице-президенті Гай Фэнмен кездесуде.
Содан кейін делегация Jinchuan Group компаниясының вице-президенті Чэнь Цзюньмен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында өңірде никель-кобальт кендерін өңдейтін зауыт салу мүмкіндігі талқыланды. Jinchuan Group – түсті және қымбат металдарды өңдеу саласында әлемдік көшбасшы және бұл жоба Ақтөбе облысы үшін стратегиялық маңызға ие.
Делегация мүшелері кейін Shanghai Jayson New Energy компаниясының вице-президенті Лу Чаомен кездесті, онда түсті металдар кен орындарын игеру және жаңа энергетикалық материалдарды дамыту бойынша инвестициялар тарту мүмкіндіктері қарастырылды. PetroChina президенті Хуан Юнчжанмен CNPC корпорациясының бас кеңсесінде өткен кездесуде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» және мұнай-газ өнеркәсібіндегі жаңа жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Beijing Jianlong Heavy Industry Group компаниясының вице-президенті Юань Чжаньюнмен Ақтөбе облысында темір кендерін өңдеу зауытын салу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді.
Сапардың бірінші күнінің қорытындысы бойынша Хромтаудағы 300 МВт қуаттылығы бар екі жел электр станциясын салу туралы Sungrow және Universal Energy компанияларымен меморандумдарға қол қойылды, сондай-ақ Мұғалжар ауданында орта көміртекті легирленген болат өндірісі зауытын салу ниеті туралы Yima Machinery Co., Ltd. компаниясымен меморандум жасалды.
Сапардың екінші күні Қытайдағы металл өңдеу, экология және энергетика саласындағы ірі компаниялармен көптеген кездесулермен жалғасты.
Күннің негізгі кездесуі Zhaojin Group компаниясының вице-президентімен болды. Бұл компания қымбат және түсті металдарды өндіру және өңдеу саласында жұмыс істейді. Басқосуда Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар қымбат металдарды өндіру және өңдеу саласында ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Содан кейін China Non-Ferrous Mining компаниясының басшылығымен Әйтеке би ауданында мыс кендерін өңдейтін зауыт құрылысы мәселесі қарастырылды. Бұл жоба өңірдің тау-кен өнеркәсібінің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.
«Энергетика саласы – Ақтөбе облысы үшін басты салалардың бірі, және біз халықаралық компаниялармен тұрақты энергетикалық шешімдер саласында ұзақмерзімді ынтымақтастық бағытында жұмыс істейміз. Өңірімізде металлургия және аккумуляторлық материалдар саласында жобаларды жүзеге асыру үшін салықтық және әкімшілік жеңілдіктер ұсынатын Ақтөбе арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Біз электромобильдер мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту сияқты жаһандық процестерде маңызды ойыншы болуға дайынбыз», - деп атап өткен өңір басшысы серіктестерге ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарын таныстырды.
Сапардың екінші күнінің маңызды бөлігінде өңір басшысы CITIC Environment Investment Group компаниясының төрағасы Ян Шупингпен кездесті. Бұл – Қытайдағы экология саласындағы ірі компаниялардың бірі. Кездесуде суды тазарту және қалдықтарды өңдеу саласындағы инновациялық технологияларды енгізу және Қазақстанда экологиялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар, делегация SINOPEC Corporation компаниясының аға вице-президенті Ниу Шуаньвэньмен кездесті. Бұл -Қытайдың ең ірі мұнай-газ және химиялық компаниясы. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері қарастырылды.
Ақтөбе облысының делегациясы Бейжіңде болған алғашқы екі күннің ішінде жалпы саны 12 кездесу өткізіп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша маңызды келісімдерге қол жеткізді. Бұл жобалар Ақтөбе облысының экономикалық әлеуетін арттыруға үлес қосады.