Биыл өңірде 806,4 мың гектар алқапта көктемгі далалық жұмыстары жүргізіледі

Биыл өңірде 806,4 мың гектар алқапта көктемгі далалық жұмыстары жүргізіледі

 

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында көктемгі дала жұмыстарына  дайындық мәселесі қаралды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиевтің мәліметінше, биыл көктемгі егіс жұмыстарын 806,4 мың гектар алқапта жүргізу жоспарлануда. Атап өткендей, егіс әдеттегіден ертерек басталады, өйткені, ауа райының қолайлы болуы шаруаларға науқанды кідіріссіз бастауға мүмкіндік бермек.

Алға, Қобда, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарында жұмыстар сәуір айының үшінші онкүндігінде бастау алса, Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласында сәуір айының соңы мен мамыр айының алғашқы күндеріне жоспарланған.

«51 мың тонна тұқым әзірленді. Барлық егіс өнімдері сұрыптық және егістік сапасына қатысты міндетті сараптамадан өткізіледі. Алдын ала тексеру 41,7 мың тоннаға жүргізілді. Толық сараптамаға 18,6 мың тонна берілді, оның 14,9 мың тоннасы тексерілді және тұқымның 99% жарамды деп танылды. Оның 9,7 мың тоннасы - бірінші деңгейлі  тұқым, 2,1 мың тоннасы - екінші, 3,1 мың тоннасы-үшінші деңгейлі  тұқым«, - деді басқарма басшысы.

Жалпы егіс алқабы 806,4 мың гектарды құрайды. Биыл дәнді дақылдарға 438 мың гектар аумақ бөлінді, оның ішінде бидай 329 мың га, арпа - 92 мың га, майлы дақылдар алқабы - 67 мың га, жемшөп алқабы - 107 мың га, жаздық дақылдардың жалпы егісі 621 мың га. Сонымен қатар, картопқа және  көкөніс дақылдарына 3,5 мың гектардан жоспарланған, ал бақша дақылдарына 3,4 мың гектар алқап бөлінді.

Облыс диқандары дала жұмыстарына қажет барлық заттармен қамтылды. Егіс науқанын жүргізу үшін 6,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Отын жеткізу операторы ретінде «ЖМС-Лидер» ЖШС анықталды.

Шаруашылықтар үшін баға литріне 253 теңгені құрайды, бұл нарықтық құннан 15%-ке төмен.

Дала жұмыстарына 1,5 мың трактор, 100-ден астам егіс кешені, 1,4 мың сепкіш және сонша бірлік топырақ өңдеу техникасы тартылады. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 97% құрайды, жөндеу жұмыстары да аяқталуға таяу. Жыл басынан бері облыс шаруалары жалпы сомасы 4 миллиард теңгеге 228 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның 132 бірлігі - «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингі арқылы алынды. Сондай-ақ, шаруашылықтарға 1,4 миллиард теңге инвестициялық субсидия төленді.

Егіс науқанын қаржыландыру «Кең дала-2» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде 46 шаруашылыққа 4,7 миллиард теңге мақұлданған, оның ішінде 29 шаруашылыққа 3 миллиард теңге берілген. Қосымша бюджеттен өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 1,2 миллиард теңге бағытталды.

«Біздің міндетіміз - егіс жұмыстарын қамтамасыз ету ғана емес, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін тұрақты экономикалық платформа құру. Біз қолда бар отыннан бастап жеңілдікті несиелеуге дейін күрделі экономикалық жағдайдағы шаруаларға жүктемені азайту үшін қолдан келгенді жасадық», - деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі Асхат Шахаров көктемгі далалық жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастырып, кідіріссіз және үзіліссіз өткізуді тапсырды.

«Егіс науқаны - агромаусымдағы маңызды кезеңдердің бірі. Жұмыстың үйлесімді және уақытылы ұйымдастырылуы егіннің бітік шығуына, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан біздің міндетіміз - барлық деңгейде жұмысты жүйелі болуын қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға ерекше назар аудару қажет. Дайындық пайызына ғана емес, сонымен қатар арнайы техниканың заманауи талаптарға қаншалықты сәйкес келетініне де қарау керек. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы басқармасының тұрақты бақылауында болуы тиіс. Сондай-ақ, егіс науқанының барысын үнемі қадағалап отыруды тапсырамын. Шаруашылықтарға уақытында көмектесу, туындаған барлық сұрақтарға жедел әрекет ету. Үзілістер және бюрократиялық кідірістер болмауы керек. Жұмыс нақты және мерзімінде жүргізілуі тиіс», - деді облыс әкімі.