Шығармашылық академиясында «Қазіргі білім беру жүйесінің сапасын арттыру: менеджмент, инфрақұрылым және қауіпсіздік» тақырыбында облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Жиынға облыс әкімі Асхат Шахаров, білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов, мәслихат депутаттары, қалалық және аудандық білім бөлімдерінің, балабақшалар мен мектептердің, колледждердің басшылары, салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагер ұстаздар, ата-аналар қатысты.
Іс-шара барысында білім беруді дамыту, мектепке дейінгі мекемелерде инновациялық бағдарламаларды енгізу, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
Білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мектепке дейінгі білім беру жүйесіне бастапқы кезеңде инновациялық бағдарламаларды енгізу мәселесіне толығырақ тоқталды.
Жиын барысында Ақтөбе қаласындағы №15 «Жидек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Гүлсая Иманова — «Мектепке дейінгі білім: сапа, жаңашылдық, даму», Байғанин орта мектебінің директоры Нұрсая Есқазиева — «Ауыл мектебінің жаңа моделі: жайлы, заманауи және қауіпсіз білім ордасы» тақырыбында баяндамалар оқыды. Одан соң Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің директоры Жеңіскүл Мұхамбетпайызова «Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру — кәсіби білім берудің жаңа мүмкіндіктері» атты баяндамасын өзі басқарып отырған колледж мысалында әңгімелеп, дуалды оқыту жүйесінің тиімділігін айтты. Облыстың полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Абай Жүсіпов өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесін талқылап, оларды құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста оңтайлы шешу жолдарын айтты. Ал Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Орал-Қосай Байсеңгір «Бала тәрбиесіндегі бас ұстаз — ата-ана» тақырыбында сөз сөйледі.
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, білім саласына бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келеді, биыл бұл көрсеткіш 250 миллиард теңгеге жетті, бұл — облыс бюджетінің 50 пайызы.
Ақтөбе облысы жаңа мектептердің құрылысы бойынша өңірлер арасында көш бастап тұр. Соңғы үш жылда 21 500 оқушыға арналған 44 мектептің құрылысы жоспарланып, 20-ы пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешіп, 60 мектептегі орын тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін 24 мектептің құрылысы аяқталмақ.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 13150 орындық 14 заманауи мектеп құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сәуір айында Ақжар және Есет батыр тұрғын алаптарында заманауи технологиялармен жабдықталған екі жаңа мектеп ел игілігіне беріледі. Былтыр 51 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізілді, ал биыл 17 нысанға тиісті қаражат бөлінді. Биыл облыста 7 мектеп толықтай реновациядан өтеді. Бұл білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жақсартуға, оқушылар үшін заманауи және қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Жұмысшы мамандықтары — кез-келген экономиканың негізі. Біз әрбір облыс тұрғынына лайықты білім алып, тұрақты жұмысқа орналасу үшін қажетті жағдай жасаймыз.
Бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандарды дайындауымыз керек. Осыған байланысты колледждерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Жұмысшы мамандықтар жылында 10 колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Сонымен қатар, Хромтау тау-кен колледжі жанынан автотехнопарк, Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі жанынан ІТ-хаб салу да жоспарланып отыр», — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Сонымен қатар облыс басшысы табиғатты қорғау мәдениетін бала жастан қалыптастырған дұрыс екенін тілге тиек етіп, әр білім беру ұйымы өз аумағында ағаш отырғызып, шағын орман алқаптарын құрып, оларды күтіп баптау жұмыстарын жүргізу керектігін айтып, Ақтөбе қаласындағы мектептерде «Мектеп орманшылығы» жобасын енгізуді ұсынды. Бұл бастама тек балаларға емес, жалпы қоғамға пайдасын тигізбек.