Ақтөбе өңірінде спортпен шұғылданатын адамдар санын арттыру үшін бұқаралық спортты дамыту орталығын ашу ұсынылды

Ақтөбе өңірінде спортпен шұғылданатын адамдар санын арттыру үшін бұқаралық спортты дамыту орталығын ашу ұсынылды

 


Облыстағы бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланған аппарат мәжілісінде Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов өңірдің әр ауданында «Бұқаралық спортты дамыту орталығын» ашуды ұсынды.

Ұсыныс тұрғындардың спорттық іс-шаралар мен нысандардың қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ адамдарды, әсіресе жастарды көбірек тұрақты дене шынықтыру сабақтарына тартуға бағытталған.

«Орталықтың жұмысы спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға, спорттық жобаларды ілгерілетуге, салалық спартакиадаларды жаңғыртуға, мектеп және студенттер лигаларын өткізуге, сондай-ақ спорттық урбанистиканы дамытуға бағытталады. Әр ауданда осындай орталықтар құру спорт инфрақұрылымын жақсартып, спортпен шұғылданатындардың санын көбейтуге және мүмкіндігі шектеулі жандарды қоса алғанда, сапалы спорттық қызметтерге қол жеткізуге көмектеседі. Зейнеткерлік жастағы жандарға бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінбек, бұл дене саулығын сақтап қана қоймай, аға буынның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Мейрамбек Махамбетов.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде өңір халқының 43%-ін құрайтын 407 мың адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Былтыр 2 971 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 394 мыңнан астам адам қатысқан.

2025 жылы Ақтөбеде кем дегенде 22 спорт түрін дамытатын мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт кешенін ашу жоспарлануда, бұл халықтың осы санаты үшін спорттық іс-шаралардың қолжетімділігін едәуір арттырады.

Айта кетейік, биыл облыста 20 наурызға жоспарланған ұлттық спорт күніне орай қазақ күресі, садақ ату, арқан тарту, асық ату және ләңгі тебуден жарыстар өтеді. Сондай-ақ, 1 маусымда «Жүгіру марафонын» және еркін күресті насихаттау бойынша «Wrestling Stars» жобасын өткізу жоспарланған. 16 тамызда Спорт күні – «Қажымұқан жолы» жобасы ұйымдастырылмақ. Қыркүйек айында Мөңке бидің 350 жылдығына орай аударыспақтан халықаралық турнир өтеді.

Облыс әкімі «Бұқаралық спортты дамыту орталықтарын» ашу идеясын пысықтауды тапсырды. Ол спорт жөніндегі кеңестің жұмысын күшейту және балалардан бастап дене шынықтырумен тұрақты айналысуға көбірек жастарды тарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, әкім паралимпиадалық спортты дамытудың және мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасаудың, соның ішінде олар үшін спорт кешенін ашудың маңызын сөз етті.

«Бұқаралық спортты дамыту – бұл спорт нысандарын құру ғана емес, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Біз инфрақұрылымды жақсарту, мамандарды оқыту және барлық деңгейдегі спорттық бастамаларды қолдау бойынша жұмыс істеуіміз керек. Бұл бізге ұлт денсаулығын нығайтып қана қоймай, халықаралық аренадағы спорттық жетістіктер деңгейін арттыруға көмектеседі», - деді әкім.