Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыс тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев қала мен ауылдық жерлерде, сондай-ақ республикалық жолдарда байланыс пен мобильді интернет сапасын жақсартуға бағытталған негізгі жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, 2024 жылы облыс аумағында базалық станциялар жаңғыртылып, мобильді желінің қамту аймағы айтарлықтай кеңейтілді. Биыл 4G стандартымен 96 базалық станция орнатылып, жаңартылмақ, ал 5G желісінің қамту аймағы 82 базалық станцияға дейін кеңейтіледі. Бұл қала тұрғындары үшін интернет байланысының сапасы мен тұрақтылығын одан әрі арттырады.
Ауылдық жерлерге келер болсақ, мобильді интернет облыстың 311 ауылдық елді мекенінің 261-ін қамтиды. Биыл жоспарланған 25 ауылдың төртеуіне, атап айтқанда, Талдысай (Алға ауданы), Байтақ (Қобда ауданы), Дүкен және Мамыр (Ырғыз ауданы) ауылдарына интернет желісі қосылды. Қалған ауылдарда жұмыстар жалғасып жатыр.
Халқы 100 адамнан аз 29 ауылда кең жолақты интернет қызметін қамтамасыз ету үшін спутниктік технологиялар қолданылады. Қазіргі уақытта 7 ауылға спутниктік арналар арқылы Wi-Fi қосылған. Осылайша, жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын мобильді интернетпен қамту деңгейі 98,8%-ке жетеді.
Республикалық маңызы бар жолдарда мобильді байланысты қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды. Осы бағыттардағы 17 нүктеде базалық станция салу үшін жобалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бүгінде 10 нүктенің құжаттары сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Қалған 7 жоба – мемлекеттік сараптамада. Наурыз айында 5 нүкте бойынша, сәуір айында Ырғыздағы 2 нүктенің қорытындысы дайын болады деп күтілуде. Бұл жобаларды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қаржы сәуір айында бөлінеді.
Облыс әкімі өңірдегі барлық тұрғынның интернет пен мобильді байланысқа қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Осыған байланысты ол цифрлық технологиялар басқармасына аудан әкімдерімен бірлесіп, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жоспарланған барлық жобаларды толық жүзеге асыруды тапсырды.
«Басты мақсат – қала да, ауыл да, сонымен қатар елді мекендерді байланыстыратын тасжолдар бойында байланыс сапасын жақсарту. «Қолжетімді интернет» жобасы тек байланыс сапасын арттырып қана қоймай, сонымен қатар экономика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалардың дамуына жаңа мүмкіндіктер береді. Бұл өз кезегінде облыс тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді», – деді облыс әкімі.